Жамбылда жоғалған сарбазды 50 шақты туысы іздеп таппай жатыр
Жамбыл облысында із-түзсіз жоғалып кеткен сарбаздың жақындары оны іздеуге Қызылордадан арнайы келді. Қазіргі таңда 50-ден астам адам 4 топқа бөлініп, таулы аймақтарды тінтіп жүр.
Айта кетейік, Меркі шекара қызметінің Андас батыр бөлімінде борышын өтеп жүрген Ұлықбек Бердішев осыдан бір апта бұрын ізім-ғайым жоғалып кеткен еді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл дерек бойынша бүгінгі күні тергеу жұмыстары мен қызметтік тексеру жүріп жатқанын мәлімдеді.
Балаларыңызды әскерге жібермеңіздер. Өйткені ол жерде жағдай жасалмаған, - дейді сарбаздың анасы Орынкүл Мерекова.
Ұшты күйлі жоғалған сарбаз – Қызылорда облысы, Қазалы ауданының тумасы. Жас жауынгерді соңғы рет әскер қатарында жүрген Ердос Мырзағалиев көрген. Оның айтуынша, Ұлықбек екінші наурыз күні әскери бөлімдегі атқораны тазалап жүрген.
Ұлықбек – үйінің тұла бойы тұңғышы. Ол 2021 жылы 10 қыркүйекте әскери борышын өтеуге аттанған. Сол уақыттан бері Ұлықбек азаматтық міндетін абыроймен атқарып келген.