Halyq Uni логотип
×

«Нұрбанк» пен «7 континент» арасындағы дау: кәсіпкерлер аштық жариялауға дайын

Сот шешімі бойынша кәсіпкерлер 8 желтоқсанда ғимаратты босатуға тиіс

 Наима Нұрәлі 07.12.2022 | 15:18

Астанадағы «7 континент» бизнес орталығының кәсіпкерлері Тоқаевтан көмек сұрады. Олар «Нұрбанк» арадағы 8 жылға созылған даудың түбінде олигархтардың мүддесіне шешілді деп ашынады. Енді кәсіпкерлер 8 желтоқсанға дейін сауда орнын босатуға тиіс. Немесе ай сайын банкке бизнес орталықты жалдағаны үшін ақы төлейді. Олар маңдай терімен тапқан ақшасына сатып алған нысанды күш қолданса да босатпайтынын айтып отыр.

«2014 жылы желтоқсан айында 300 миллион теңгеден аса қаржыға осы ғимараттың 2 қабатын сатып алғанмын. 8 жылдан бері "Нұрбанкпен" соттасып жатырмыз. 2008 жылы марқұм Рахат Әлиевтің кезінде бизнес орталық "Нұрбанкке" кепілге қойылған дейді. Ол – өтірік, дәлелдейтін ешбір құжат жоқ. Банк тарапынан келісімшарт дұрыс жүргізілмеген. Біз Жоғарғы сот төрағасының қабылдауына кіре алмай жүрміз. Асанов мырза Бас прокуратураны басқарған тұста біздің мәселемізді алға тартып, Жоғарғы сотқа арыз жазған. Қазір Жоғарғы соттың төрағасы болып отыр. Мәселемізді біле тұра қабылдамайды. Сот мәселені олигархтардың жағына шешті. Біз онымен келіспейміз. Қайтадан толық тексеру жүргізілсін. Біз оңайлықпен орнымызды босатпаймыз», - деді кәсіпкер Руслан Қайратұлы.

Кәсіпкерлердің айтуынша, 2008 жылы «Шырын LTD» компаниясы «7 континент» бизнес орталығын салу үшін «Нұрбанктен» несие алған. Ал, 2015 жылы банк «Шырын ЛТД» компаниясын сотқа беріп, несиені қайтаруды талап еткен. Бірақ осы екі аралықта «Шырын ЛТД» компаниясы салған кеңселері мен бөлмелерін сатып жіберген. Кәсіпкерлер осы кеңселерді екінші, не үшінші иесінен сатып алғанын, «Нұрбанк» пен «Шырын ЛТД» дауына еш қатысы жоғын, олар мүлікті сатып алған кезде әділет органдары сатып алу шартын заңды деп белгілегенін айтады.

Кәсіпкерлер «Нұрбанкпен» арада болған бірінші сотта жеңіске жеткен. Алайда апелляциялық сот банктің пайдасына шешім қабылдаған. Енді сот шешіміне сәйкес, кәсіпкерлер сатып алған кеңсе мен бөлмелерін «Нұрбанкке» қайтарып беруге тиіс.

Сатып алу кезінде әділет органдары сатып алу шарты заңды деп құжат берген және меншік құқығын тіркеген.

«Біздің банкке де, "Шырын LTD" компаниясына еш қатысымыз жоқ. Заңға сәйкес адал сатып алушымыз. Ісіміз қайта қаралсын! Мен 2015 жылы 50 мың долларға кеңсе сатып алғанмын. Сатып аларда құжаттың бәрін тексердім. Жылжымайтын мүліктің кепілдікте тұрмағанын, арестке қойылмағанын мұқият қарап шықтым. Менің алдымда ол кеңсенің 2 иесі болған. Бірінші сотта біз жеңдік. Өйткені заңды түрде сатып алдық. Алайда екіншісінен бастап барлық сот отырысында құқығымыз қорғалмады. Бізді ешкім тыңдамады. Жалғыз талабым бар – "Нұрбанкке" толықтай талдау-тексеру жұмыстары жүргізілсін. Біз халықаралық журналистердің бәрін шақырып, Қазақстанда кәсіпкерлерге қандай қысым, нендей әділетсіздік көрсетіліп жатқанын жер жаһанға жариялаймыз», - деді кәсіпкер Роза Ибилдаева.

Айта кетейік, құрылыс компаниясы кәсіпкерлерге жылжымайтын мүлікті сатқан кезде Астана қалалық әділет департаменті берген анықтамаға сай, сауда орнының жалғыз иесі – «Шырын LTD» ЖШС болған және «Нұрбанкке» кепілдікке қойған кезде де мүліктің иесі «Шырын LTD» болған және сауда орны еш жерде кепілдікте немесе арестке қойылмаған. елордалық сот құрылыс компаниясының қалайша бір мүлікті екі рет сатқанына бас қатырмаған.

Бірнеше жылдан бері жылжымайтын мүліктің иесі болып келген кәсіпкерлер банктің не себепті бұрыннан бері сауда орнын дауламағанына таң.

Сондай-ақ сотта анықталғандай, тіркеу органында «Нұрбанктің» кепілдікке алғаны туралы құжат тіркелмеген. Ал заң бойынша, кепілге қойылған мүлік 1 ай ішінде тиісті мекемеге тіркелуге тиіс.

Біздің басымыздағы жағдай Астанадағы "7 континент" тұрғын үй кешеніндегі пәтер иелерінің басынан өткен. 400 адам митингке шыққанда, түгі қалмаушы еді. Айналдырған 22 кәсіпкер бармыз. Бізді дымсыз қалдырмақшы. Пәтер иелерінен үйді ала алмайтынын біліп, оларды жайына қалдырды. Бірақ 55 автотұрақты иемденгісі келеді. Онымен қоймай, біздің де мүлкімізге көз алартып отыр. Сот процесі біреудің қоңырауы арқылы шешілмесін, - деді аты-жөнін атамауды өтінген кәсіпкер.

Орталықтағы кәсіпкерлер жанайқайы Президенттің құлағына жету үшін заңды түрде митинг ұйымдастырмақшы. Басты талап – «Нұрбанк» пен «7 континент» арасындағы дауға жіті тексеру жүргізу және Қазақстанда бизнес өкілдеріне жұмыс істеуге еркіндік беру. Басқа табыс көзі жоғын айтқан кәсіпкерлер қажет болса ғимарат алдында аштық жариялауға дайын екенін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама