«AQ сөйле» жобасының кезекті қонағы - Qazaq boxing залының жаттықтырушысы Мұхит Амантаев
Qazaq boxing залының жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мұхит Амантаев Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында 2013 жылы Астана қаласында МАИ қызметкері болып жүрген жерінен пара алмайтыны үшін жұмыстан шығып кеткенін ашып айтты. Бүгінде балаларды боксқа баулып жүрген Мұхит жалақысы аз полиция қызметкерлерінің пара алудан бас тартуы қиын екенін жеткізді.
«130 мың теңгеге пәтер жалдап тұратын кезім. Жалақы 90 мың теңге. Қазір жағдай өзгерген шығар, нақтысын білмеймін. 2013 жылы қазіргідей пәтерақыға қосымша ақша бөлінбейтін. Пара алмағанда не істейді?! Отбасы барларға тіпті ауыр. Сондықтан мен жұмыстан шығамын деп шештім. Өйткені мен пара ала алмаймын. Қара жұмыс істесем де, адалынан табамын. Пара алу үшін парақор болып туылу керек бұл өмірде», – дейді Мұхит Амантаев.
Жаттықтырушы сұқбат барысында бір кездері қатты күйзеліске түсіп, арманынан бас тартпақ болған сәттерін еске алды. Спорттан саналы түрде кетуге шешім қабылдап, көлік жуып жүрген жерінен оны досы көріп қалып, МАИ қызметкері болуға ұсыныс айтқан. Оған дейін оққағар да болып жұмыс істеген.
31 жасында полициядағы қызметін жалғастыра алмайтынын түсініп, қайта боксқа оралуға шешім қабылдаған. Қазір Мұхит Амантаев балалар мен жасөспірімдері баптап, болашақ олимпиада чемпиондарын дайындау жолында жанын салып жүр.