Шеге жұтқан, денесін тілгілеген: Ленгр түрмесіндегі жазасын өтеушілер аштық жариялады
Жауаптылар наразылық акциясын жоққа шығармады
Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы барынша қатаң режимдегі ИЧ 167/9 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталушылар аштық жариялады. Олар туыстарына жолдаған видеода өздерін мекеме қызметкерлері лайықты көмек бермейтінін, ар-намысына тиетінін айтқан.
«8 жылға бас бостандығымнан айрылдым. Аштық жариялау себебім: режим бөлімінің аға лейтинанты, полиция қызметкері Әлихан, жедел бөлімнің қызметкері Нұрғали ар-намысымды таптап, басымнан жарақат алғаныма қарамастан ешкім емдеген жоқ. «Ешқандай да дәрі-дәрімек жоқ. Ақшаң болмаса, ешқандай дәрі жоқ» деп мені емдеуден бас тартып жатыр»,- дейді жазасын өтеуші Азамат Кенжетай.
Сотталушы Азамат Кенжетай наразылық білдіріп, шеге де жұтқан. Кейін аштық жариялап, аузын тіккен. Осыдан кейін мекеме қызметкерлері оның аузындағы жіпті алып тастаған. Бірақ, жәбір көріп жатқанын айтқан жазасын өтеуші жанайқайына ешкім құлақ түрмейтінін жеткізді.
Тағы бір сотталушы Ахмет Оралбай наразылық білдіріп, денесінің сау-тамтығын қалдырмай тілгілеген. Жазасын өтеуші өзін бір адамдық камераға жауып койғанын айтады.
Түркістан облысы, Ленгір қаласындағы түрмедегі жағдайдан Қылмыстық атқару жүйесі департамент мамандары хабардар болып шықты. Жауаптылар наразылық акциясын жоққа шығармады. Айтуынша, наразылық білдіріп жатқан жасазын өтеушілердің тәртібі нашар және олар мұндай қадамға бұған дейін де барған.