×

«Мақсат Саматұлы, үйге газ кіргенше жылу қазандығы жарылады». Тұрғындар Көлгіновтен көмек сұрады

Мердігер компанияға 6 миллион теңге жинап берген тұрғындар алданып қалуы мүмкін

 Наима Нұрәлі 29.11.2022 | 09:55

Астанадағы Іле 33 мекенжайындағы тұрғын үй кешенінде тұратындар газдандыру жұмысына қатысты Алматы ауданы әкімі Мақсат Саматұлының ісін сынға алды. Олар 1,5 жылдан бері табиғи газға қол жеткізе алмай келеді. Тұрғын үйде автономды газбен жылыту жүйесі орнатылған. Тұрғындар жылыту қазандығы көппәтерлі тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқанын айтып, біреу темекі тұқылын тастаса, бүтін бір тұрғын үй кешені күл астында қалады деп ашынады.

«Бірінші қабатта заңсыз жылыту қазандығы мен көмірге арналған пеш тұр. Оны тұрғын үй инспекциясы қабылдап алған. Былтыр табиғи газға көшеміз деп, мердігер компанияға 6 миллион теңге жинап бердік. Сегіз ай күттік, нәтиже жоқ. Тұрғын үй инспекциясына шағым білдірсек, жылыту қазандықтары бірінші қабатта тұрмауға тиіс деген хабарлама келді. Олар әу баста қабылдап алды ғой. Енді өз сөзіне қайшы келіп отыр. Алматы ауданы әкімі Мақсат Саматұлына көмек сұрап барсам, әзер қабылдады. Оның өзінде мәселемді тыңдаған жоқ. Әлеуеметтік желідегі парақшасында пікір жаза бастағаннан соң ғана бізге тұрғын үй инспекциясының өкілін жіберді. Келген адам айыппұл да салмады. Жазда шатырдан өрт шықты. Егер өрт осы жылыту қазандықтарына тигенде жарылып кетер едік. Бұған аудан әкімі жауап береді ғой. Ол кісі істі бастап алып, аяғында үн-түнсіз жоғалып кетті», – дейді пәтер иесі Еңлік Ыдырысова.

Алаяққа алданған тұрғындар не ақшасын қайтара алмай, не газға көше алмай отыр. Тым болмағанда бірінші қабатта тұрған жылыту қазандықтарын үйден алыс жерге көшірсе деген тілегі бар.

«Сонымен қатар құрылыс компаниясы жылыту қазандықтарын иемденіп алмақшы. Бірақ қазандықтар тұрған орын МИБ-ке тиесілі. Қандай заңға сүйеніп, меншіктеп алмағын түсінбедім. МИБ төрайымы пешті сатып, керек құбырлар сатып аламын дейді. Оны бергіміз жоқ. Себебі қыстың күні жылусыз отырғымыз келмейді. Үй жарылса, кім жауап береді. Үшінші, МИБ төрайымы газдың тарифін қолдан көтеріп отыр», – деп тарқатты Еңлік Ыдырысова.

Нұрпейіс Халықов да көршісінің ойын қуаттап отыр.  

«Қазіргі МИБ төрайымы Елена Щепеткова бізден рұқсат алмай, жылыту қазандықтарын қабылдап алған. Баста табиғи газға өтінім берілген. Соның кесірінен автономды газ қазандығы қойылды. Баста мұндай мәселелердің шығатынын білгенде, үй алмас едік. МИБ-тің құрылғанына жыл толды. Оның жұмысына толық тексеру жүргізілуін тұрғын үй инспекциясынан сұрағанбыз. Одан хабар болмады. Ал төрайым қолымызға құжаттарды бермейді. Бізді іске араластырғысы жоқ», – деді Нұрпейіс Халықов.

Қала тұрғыны Әсел Айтқожина бұл мәселеге елорда әкімдігінің назар аударуын талап етіп, аудан әкімдігі табиғи газ орнатуға құлықсыздық танытып отырғанын айтып отыр.

Бәрімізді асықтырып ақша жинады. Елдер туыстарынан қарыз алыпты. Сөйтсек құбырды жерге орната салған. Газ келмеген. Газ орнатуға уәде берген адамның өзі де жоқ. Ақшамыздың да қайтуы екіталай. Қалаға газ кіргізу үшін бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлініп жатыр ғой. Әкімдік үйімізге табиғи газ кіргізсін, – дейді Әсел Айтқожина.

Ал МИБ төрайымы Елена Щепеткова тұрғындар үйді сатып аларда автономды жылу қазандығы болатынын білгенін, сондықтан артық сұрақ туындамауы керегін айтып отыр.

«Бұл тұрғын үйге табиғи газ қосуға болмайды дейді. Табиғи газға көшу – тұрғындардың қалауы. Мердігер компания газ кіргізу жағына жауап бермейді. Жылу қазандығын тұрғын үйдің астыңғы қабатынан аулаға көшіреміз. Алайда ол орын жоқ, аулада қоқыс контейнері тұр ғой», – деп ақталды МИБ төрайымы Е.Щепеткова.

Аудан әкімінен де, инспекциядан да қолдау көрмеген тұрғындар Астана әкімі Алтай Көлгіновтен көмек сұрап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама