Асқар Забикулиннің өмірін қиған өрт: «Отау» кешенінің тұрғындары да жанайқайын жеткізді
Тұрғын үй кешенінде аз қамтылған, көпбалалы отбасылар және жетім балалар тұрып жатыр
Астанадағы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында берілген «Отау» тұрғын үй кешенінің тұрғындары жанайқайын айтты. Тұрғындар жуырда үш адамды өрттен құтқарып, артынан көз жұмған Асқар Забикулиннің оқиғасын алға тартып, сондай жағдай «Отау» тұрғын үй кешенінде де қайталана ма деп қорқады. Себебі бір жыл бұрын берілген тұрғын үй кешенінде әлі күнге дейін өрт сөндіру құралдары қойылмаған. Алда-жалда өрт шықса, жеделсатыны қолдана алмайды. Ал баспалдақпен далаға шығатын есік құлыптаулы тұрғанын айтып ашынды. Ол ғана емес, күн суығалы отаулықтар үшін дәретхана мен жуынатын бөлмеге кіру де азапқа айналған.
«Аяз басталғанда ас үйге кіре алмаймыз. Былтыр электр пешінің арқасында қысты өткерген едік. Биыл міне, тағы қайталанып жатыр. Аптасына бір-ақ жуынамыз. Оның үзінде жуынатын бөлмеге 2 пеш қосып қоямын. Жақында ғана балам қолын пешке күйдіріп қалды. Бұл не басынғандық?! Үйді салған мақтаулы BAZIS-A компаниясы. Неге өрт сөндіру құралдары қойылмаған десек, МИБ төрағасы тұрғындар ұрлап кетуі мүмкін дейді. Ал бүгін өрт шықса ше? Адам өмірінен қу дүние маңызды болғаны ма? Мемлекеттік бағдарламамен берілген үйде осындай келеңсіздіктер болып жатыр», – дейді көпбалалы ана Кәмшат Есхожаева.
Әлия Әбдірова да көршісінің ойын қуаттап отыр. Үйге 2 жылға дейін кепілдік берілген. Алайда, бір жылы «жақында істеп береміз» деген бос сөзбен өткен-мыс.
«Шатырға шыққанда көрдік, ешқандай желдеткіш орнатылмаған. Сондықтан даладағы суық үйге кіреді. Алдында компания өкілдерді шатырды жауып кетіпті. «Шаш ал десе, бас алады» деген осы. 24 пәтерде жайлаған сасық иістен әзер құтылдық. Бізге іштегі ауаны сыртқа шығаратын желдеткіш керек. Осы мәселе бойынша қала әкімі Алтай Көлгіновтен көмек сұраймыз. Бұл тек біздің үйімізде болып жатқан мәселе емес. Жалпы 9 тұрғын үй кешенінің сиқы осы. Тезірек қолға алмаса, аяғымыздан сыз өтіп, ауру боламыз. Немесе өртеніп өлерміз... Алла сақтасын. BAZIS-A құрылыс компаниясы кепілдік міндеттемелерді орындамай отыр», – дейді пәтер иесі Әлия Абдирова.
Ал «Отау» тұрғын үй кешені МИБ төрайымы Дәнегүл Абдрахман өрт қауіпсіздігінің сақталмауына тұрғындардың өзін кінәлайды. Пәтер иелері ақша шығарып, бейнебақылау камералары орнатылмаса, өрт сөндіру құралдары қойылмайтынын айтады. Ал Кәмшат Есхожаева болса, күні бүгінге дейін баласына қыстық етік ала алмай отырғанын айтып, ақша қосуға мүмкіндігі жоғын жеткізді.
Бірінші өрт мәселесіне тоқталайын. Пәтер иелері ақша шығарып, бейнебақылау камерасын орнатуы керек. Мен де осы тұрғын кешенінде тұрамын. Егер бүгін өрт сөндіру құралдарын қойсақ, оны ұрлап кетуі мүмкін. Біреуінің бағасы 20-25 мың теңге тұрады. Тұрғындарға тезірек камера орнатайық десем, ақша жинағысы келмейді. Екінші мәселе бойынша әкімдіктен көмек күтеміз, – деді МИБ төрайымы Дәнегүл Абдрахман.
«Отау» тұрғын үй кешені МИБ құрылмай тұрып «Ақ Отау» ЖШС пәтер иелерінің кооперативі төрайымы Гүлзипа Сыздыққызының жауапкершілігінде болған. ПИК төрайымы тұрғындардың келісімінсіз жертөлені жалға беріп жібергенін жеткізді. Ал жалға алған Рабиға Бақтаева 2 миллион теңгеден аса қаржыға жөндеу жұмыстарын жүргізгенін алға тартып, жертөлені оңайлықпен босатпайтынын айтып жүр екен.
«Тұрғын үйдің жертөлесінен әрбір тұрғынның үлесі бар. Оны заңды түрде бекіттік. Егер жалға алған кісі ортақтасуын қойса, оны жалға беріп, түскен қаржыға үйдің шығындарын жабар едік. Біз Рабиға Бақтаваның атына сотқа арыз бердік. Арызымызды үш рет кері қайтарды. Ол кісі сотта істейтін таныстарының барын айтып, қорқытып жүр. Арызымыздың қабылданбағаны да сондықтан шығар деп ойлаймын. Осы мәселелерді алға тартып, қала әкімінен көмек сұраймыз» – деді МИБ төрайымы Дәнегүл Абдрахман.
Айта кетейік, «Отау» тұрғын үй кешенінде аз қамтылған, көпбалалы отбасылар және жетім балалар тұрып жатыр.