«Мүгедектер отбасы» аталып кеткен астаналық Еленаның жанайқайы
Астаналық Елена Айсабаева 21 жастағы ұлының жағдайы күннен-күнге нашарлап бара жатқанын айтады. Михаил Кондратьев – I топтағы мүгедек, туғаннан церебральды сал ауруы (ДЦП – авт.) деген диагноз қойылған. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, 2010 жылы ұлы бассейнде құлап, ауыр дертіне эпилепсия мен мидың қатерлі ісігі қосылыпты. Қазір өздігінен жүріп-тұра алмайды, жөргек киіп ұйықтайды. Төсекке танылған Михаилдың бар уақыты теледидарға телмірумен өтіп жатыр. Салмақ тастап, 45 келіге дейін түскен. Елена үй ішінде баланы арбамен алып жүру мүмкін еместігін, бөлмелер тар болғандықтан көтеріп жүруге мәжбүр екенін айтады.
«Ұлымды кереуеттен көтеріп алып, ас үйге жеткенше белім шыдамайды. Көшеге алып шығу үшін ұлымды көтеріп алып жүруге тура келеді. Белім сыр берді. Үшінші қабаттан ұлымды көтеріп шығамын. Өйткені арбаға арналған пандус, жеделсаты, балкон жоқ. Үй – өте ескі, қашан сүрілетіні белгісіз. Көшеге шықсақ, балалар ұлымды мазақтағанымен қоймай, түртпектейді. Мемлекеттен мүгедектер жандарға берілетін жәрдемақы жөргегінен артылмайды. Дәрігерлер де үйге келуді қойды», – дейді Елена Айсабаева.
Елена мүгедектігі бар әпкесімен бірге тұрады. Миының дамуы тежелген, көзі дұрыс көрмейді. Күейуі эпилепсия мен энцефалопатияға шалдыққан. Соған қарамастан қара жұмысқа жегіліп, отбасын асырап жүр. Михаилдан бөлек 11-сыныпта оқитын ұлы бар.
Екінші балама үміт артып отырмын. Ол болмағанда қайтер едім. Сабақтан соң той-томалақтарда лезгинка билейді. Тапқан табысын бізге береді. Бәрімізге қамқор болып жүретініне риза боламын, – деді Е.Айсабаева.
Аумағы 40 шаршы метрді құрайтын ескі пәтерде 5 адам тұрып жатыр. Михаилдың атынан үй кезегіне тұрған екен. Алайда ұлы 16 жасқа толғанда кезекке қайта тұрмағандықтан тізімнен алып тастапты. Сосын 2 жыл бұрын үй кезегіне қайта іліккен. Енді үйдің кезегі келгенін тағы қанша жыл күтуге тура келетіні белгісіз.
Михаилдың кенеттен тынысы тарылып, жүрек соғысы нашарлауы мүмкін. Жақында осындай жайт болып, азық-түлікке ақша үнемдеп отырған отбасыға 50 мың теңгеге дәрі-дәрмек алу қиын соққан.
«Ұлымның көзі нашар көреді. Теледидар қосып қоямын, тыңдап жатады. Дәрігерлер біздің барымызды да ұмытты. Ауруханаға жатқызайын десек, диагнозы ауыр екенін айтып, жауапкершіліктен қашады. Дәрігерлерге талай рет хабарластым, құрғақ уәдемен шығарып салады. Ұлым кереуеттен құлай берген соң пластикалық құбырлардан қоршау істеп қойдық. Жаңа кереует алуға шамамыз жетпейді», – деді Елена.
Астана әкімдігінің мүгедектер жандардың мұңын тыңдағысы келмейтінін айтқан Елена 3 жылдан бері қайырымдылық көмектен қағылғанын жеткізді.
Ауладағы балалардан ұлымды көтеріп, үйге кіргізуге көмек сұрасам, қашады. Қиналғанға қол ұшын созудың орнына «мүгедектер отбасы» деп мазақтайды, – деп отыр Елена Айсабаева.