Төлеген Қорабаев 1993 жылы үйленіп, бір жылдан кейін ажырасып кеткен. Бір қызы бар
68 жастағы Айман Құсайынова осыдан екі жыл бұрын Қарағанды қаласындағы NormaN сауда үйінде «құлдыққа сатылған» ұлын іздеп жүр. Кейуананың 49 жастағы тұңғышы Төлеген Қорабаев – ІІ топтағы мүгедек. Дамуында ауытқушылық бар, одан бөлек 2018 жылы екі аяғын үсік шалып, бақайы мен башпайларын кесіп тастаған. Оған қоса оң қолы тас болып түйіліп, алақанын аша алмай қалған. Еңбекке жарамсыз болғандықтан, үйінен шықпай отырған.
2020 жылдың желтоқсан айында өзін Асылхан Мәдиев деп таныстырған жас жігіт кейуананың үйіне келіп, Төлегенді өзімен бірге алып кететінін айтыпты. Айтуынша, Асылхан мен Төлеген базарда танысқан. «Шаруа қожалығында жұмыс бар, менімен бірге жүріп жұмыс істейді» деп, Төлегеннің смартфонын алып кетуге келгенін жеткізеді.
Анасының айтуынша, ол Төлегенді базарда жүргенде арақ беріп алдап, жұмыс істеуге көндірген.
Ұлым жөнді білім алмаған. Бірақ қазақша, орысша өте сауатты жазады. Дінге қатты қызығушы еді. Дамуында ауытқушылық болса да, теріс қылықтары болған жоқ. Момын болып өсті, біреу "жүр" десе, еріп кете беретін. Міне, сонысы басымызға таяқ болып тиді. Қазір не өлі, не тірі екенін де білмеймін, – дейді Айман Құсайынова.
Асылхан Мәдиев деген жас жігіт Төлегеннің анасына жиі келіп тұруға уәде беріп, сол күні ұлын өзімен бірге алып кеткен. Кейіпкеріміздің айтуынша, содан кейін ол NormaN сауда үйінде бір шаруа қожалығының иесіне Төлегенді «сатып», өзі қалада қалған екен. Содан кейін Мәдиевтің өзі жазып қалдырған телефон нөміріне хабарласса, байланыс аясынан тыс жерде болып шыққан. Хабар-ошар ала алмай, Қарағанды облысы полиция департаментіне жүгінгенін айтады.
«Көп уақыт өтпей Төлеген туысымыздың баласына бөтен нөмірден хабарласып, "Асылхан бірге келген жоқ, мені қыстаққа тастап кетті. Осы нөмірді анама беріңізші" деген екен. Сосын мен ол нөмірге қайта-қайта хабарласып, ала алмадым. Бір күні қоңырау шалғанымда ұлым алып, жаяу қой бағып жүргенін айтты. Одан кімнің телефон нөмірі екенін сұрап едім, жанында үш орыстың бірге жүргенін жеткізді. Валерия деген кісінің телефонын сұрап алған екен. Қатты қиналғанын айтып, алып кетуімді өтінді. "Өзіңіз алып кетпесеңіз, мені оңайлықпен жібермейді" деді. Қайда екенін нақты білмейді, бірақ Павлодар жолында екенін жеткізді. Сосын мен сөзімді аяқтағанда байланыс үзіліп кетті», – дейді кейуана.
Айман ана ұлын алып кеткен Асылхан Мәдиевке хабарласып Төлегеннің қайда екенін айтуын талап етіпті. Ол білмеймінін айтып, басын ала қашқан. "Соттатамын" деген соң ғана тайсалып, өзін шаруа қожалығының иесімін деп таныстырған Дәуіт Аулабаев деген жан Айман Құсайынованың үйіне келіп, өзін ақтап алуға тырысқан. Ол Төлегенді қыстаққа апарып тастап, қайта Қарағандыға оралғанын айтты. Бір аптадан кейін қыстаққа қайта барса, жұмысшылар Төлегеннің қашып кеткенін айтыпты-мыс.
«Үш күннен кейін қашып кеткенін айтып отыр. Қашып кетті ме, әлде өлтіріп, мүрдесін көміп тастады ма, белгісіз. "Жұмыс істемедің деп ұрдың, сосын қашып кетті деп отырсың" деп айттым. Ұлымды "сатқан" Асылхан Мәдиев, жұмысқа жеккен – Дәуіт Аулабаев. Қарабұлақ кентінде болған оқиға. Асылхан да, Дәуіт те кінәсін мойындамай отыр. Себебі құзырлы орган істі бір-біріне сілтеумен уақыт өткізді. Полицейлер саусағының ұшын да қимылдатқысы келмейді», – деп күйінді Айман Құсайынова.
Ұлын іздеген кейуана Қарағанды облысының полиция басқармасына да жүгінген. Олар істің Павлодар облысына тиесілі екенін айтып, бас тартыпты. Қарағанды облысы Қазыбек би облысының полиция басқармасы да істі қарамамаған. Айман Құсайынова екі жылдан бері "күте тұрыңыз" деген жауапты естумен келеді екен. Соңғы рет полицияға жүгінгенде "7 жыл бұрын жоғалған жылқыны іздестіріп жатырмыз, сіз күте тұрыңыз" деп шығарып салған. Ашынған ана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан ұлынан малды "артық" қойған Қарағанды, Павлодар полициясының жұмысына тексеру жүргізуді сұрады. Одан бөлек, ұлы тірі болмаса, мәйітін тауып беруді талап етіп отыр.
Төлеген Қорабаев 1993 жылы үйленіп, бір жылдан кейін ажырасып кеткен. Бір қызы бар.