Halyq Uni логотип
×

«Балаңды өлтіресің»: Емізулі баласымен такси жүргізушісі болып жүрген елордалық әйелмен сұқбат

Көпбалалы ана елдегі қымбатшылық жайлы, жалғызбасты аналардың басындағы қиындық туралы айтып берді

 Наима Нұрәлі 17.11.2022 | 15:49

Елордада өзін Нелли деп таныстырған көпбалалы ана емізулі баласымен такси жүргізушісі болып, нәпақа тауып жүр. Қырық жастағы жалғызбасты ана көлік жүргізуді осыдан 10 жыл бұрын меңгерген.

Такси қызметін пайдаланатын елордалық жолаушылардың арасында емізулі баласымен көлік тізгінінде жүрген Неллиді сөгетіндер де бар екен. Алайда, көпбалалы ана мұндай қадамға жоқшылықтан барғанын айтады.

«Маған да оңай емес. Күніне 3-4 жолаушы мені сөгіп, шағымын айтады. Арасында түсініп, қолдайтындар да бар. Бірде осы жұмысты ұсынатын компания өкілі хабарласып, «сәбиіңізді қолыңызға алып, жұмыс істейсіз бе?» деп сұрады. Мен оны теріске шығардым. Өйткені білсе, жұмыс істеткізбей қояды. Көбіне жанымда қызым барын байқатпауға тырысамын. Ол шаршап, ұйықтап қалады. Мазасызданып кеткен кезде көлікті тоқтатып, таза ауда серуендейміз, ойнаймыз», – деді Нелли.

Нелли Астана қаласынан осыдан бірнеше жыл бұрын Ақмола облысына қарасты Атасу ауылынан қоныс аударған. Меңгерген мамандығы болмаған соң, басында мейрамханаларда ыдыс, еден жуыпты. Кейіннен тұрмысқа шығып, төрт баланы дүниеге әкелген. Бұрынғы күйеуімен 14 жыл отасып, кейін дәм-тұзы жараспағандықтан ажырасып кетеді. Екінші рет тұрмысқа шығып, кейінгі некесі де екі жылдан асқан соң сәтсіз аяқталыпты. Қазір жанынан тастамайтын 1,5 жастағы қызының әкесі – сол кейінгі күйеуі.

Екі жыл отастық. Ақылға келер деп ойладым. Ұрыс-жанжал көбейіп кетті. Балаларға ауыртпалық салмас үшін ажырасуды жөн көрдім, – дейді ол.

Нелли әлі үй кезегіне де тұрмаған. Такси қызметінен түскен табысын жалға алған баспанасына да, балаларының керек-жарағына да жеткізе алмай жүр екен.

«Ақылы тұрақтардан талай опық жедім. 30-40 мың теңге шамасында айыппұл келді. Одан бөлек, жүргізушілерді қасақана жаңылдыру үшін жасалғандай ережелер бар. Баламмен жүргенімді көргендер "жол апатына ұшырайсыз" деп байбалам салып жатады. Басқа амалым бар ма?!», – деп күрсінді Нелли.

Кейіпкеріміз такси қызметінен күніне 10 мың теңгеге жуық табыс табады екен. Оның 3 мың теңгесіне бензин құяды, қалғанын балаларының қажетіне жұмсайды. Одан бөлек, басында ай сайын төлейтін несиесі бар.

«Досымнан 400 мың теңге қарыз алғанмын. Сосын телефоным бұзылып қалып, несиеге жаңасын алдым. Қазір сол қарызымнан құтылып, адам сияқты өмір сүру үшін таксист болып жүрмін. Бізде бәрі қымбат. Балаларымды кинотеатрға алып барғым келеді. Ойын-сауық орталықтарына бару үшін біраз ақша керек. Соның бәрін ойлап, қалай үйде тыныш отыра аламын?! Азық-түлік бағасы да шарықтап барады. Өз үйім болса, балаларыммен саяхаттасақ деп армандаймын. Ол күнге де жетерміз», – дейді Нелли.

Өзі жалғызбасты – көпбалалы ана болса да, Үкіметтен, айналасындағы адамдардан көмек сұрамаған. Қанша қиындыққа тап болса да, ешкімнен қол жайып көмек сұрағысы жоқ. Әр қиындықтың артында бір жеңілдік барына, балаларының болашағы жарқын болатынына сенеді.

Еске салайық, бұған дейін Астанада емізулі сәбиін алдына алып, такси жүргізуші болып жүрген Әсел есімді әйелге қайырымды жандар 1,7 млн теңге жинап берген еді. Сондай-ақ «Біз біргеміз» қоғамдық қорының қолдауымен желтоқсан айында оған сыйға пәтер берілетін болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама