×

Белсенді Ғалы Бақтыбаевтың жұмбақ өлімі: «Қарағанды полициясы үш жігітті құрбан етуде»

Қоғам белсендісі Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты атышулы сот процесі қайта жалғасатын болды

 Наима Нұрәлі 14.11.2022 | 12:51

Жаңаарқа ауданында қоғам белсендісі Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты атышулы сот процесі қайта жалғасатын болды. Осы орайда «қастандық жасады» деген күдікке ілінген Азамат Букенаевтың әпкесі күдікті үшеудің жай ғана «қалталылар ойынының» құрбаны болғанын жеткізіп, белсендіні қасақана өлтіргендер бостандықта тайраңдап жүргенін айтып ашынды. Букенаевтың адвокаты болса, Бақтыбаевтың өліміне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтың қатысы болуы мүмкін деп отыр. Дегенмен, шағымданушылар Қарағанды облысының полициясы, прокуратурасы, соты қаншама дәлелге көз жұма қарап, күдіктілерді рухани «азаптаумен», уақыт өткізумен ғана айналысып жатқанын айтады.

2019 жылы 28 мамырда Қарағанды облысының Атасу ауылында винтовкамен атып өлтірді деген Ғалы Бақтыбаевтың мәйіті табылды. 59 жастағы Бақтыбаев өз үйінің табалдырығында оққа ұшқан. Белсендіні өлтірді деген күдікпен Жаңаарқа ауданы тұрғындары Азамат Букенаев, Ғалым Ахмеджанов, Иман Мияшев, Эльдар Жакен күдікті деп танылады. Полиция Иман Мияшевты – киллер, Азамат Букенаев – ұйымдастырушы, ал Жаңаарқа аудандық полициясы басшысының орынбасары болған Ғалым Ахмеджановты тапсырыс беруші ретінде көрсеткен.

Бірінші сот процесі 2020-2021 жылдар аралығында өтті. 2021 жылғы 1 маусымда қоғамда резонанс туғызған істі Қарағанды облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен қарап, Бақтыбаевты өлтіруді ұйымдастырды деп айыпталған А.Букенаевты, Ғ.Ахмеджановты және И.Мияшовты ақтап шыққан. Екінші сот процесі биыл шілдеде өтіп, тағы да алқабилер шешімімен сот күдіктілерді ақтап шығарған. Енді атышулы сот процесі қайта жалғасатын болды, биыл 12 қарашада облыстық сот Ғалы Бақтыбаевтың тапсырыспен өлтірілгені туралы іске қатысты алқабилер сотының шығарған үкімін бұзды.

Сонымен үшінші рет сот процесі өтпек. Қарағанды облысының соты алқабилердің шешімін мойындағысы келмейді. Екінші мәселе - біздің соттарда айыптау позициясының басым болуы. Оны Жоғарғы сот төрағасы да мойындап отыр, – дейді адвокат Макиш Есқараев.

Енді Ғалы Бақтыбаев кім екеніне тоқталайық. Ол Жаңаарқа ауданына танымал белсенді болған. Көзі тірісінде жұртқа мемлекеттік органдарға арыз, сотқа шағым жазу бойынша көмектесіп жүретін.

2016 – 2018 жылдар аралығында Ғалы Бақтыбаев Жезқазған аймағы мен көптеген ауылдық аудандарды электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған «Жезқазған Энергосбыт» компаниясының былығын әшкерелеп, сот арқылы 1 млрд теңгеден аса қаржыны өндіреді. Сот шешімі шығатын кезде «Жезқазған Энергосбыт» компаниясының өкілдері Бақтыбевқа 11 миллион теңге ұсынып, істі тоқтатуды сұраған. Сосын ол одан бас тартады. Сот шешімімен 1 млрд теңгенің 30 миллионы Бақтыбаевқа тиесілі деп танылады да, қалған қаржы Атасудың жөндеу жұмыстарына бағытталады. Алайда, ақша аударылар алдын Бақтыбаевты өз ауласында атып кетеді. Адвокат Макиш Есқараев осы тұста белсендінің өліміне нақты «Жезқазған Энергосбыт» басшылығы тапсырыс берді деп кесіп айта алмасақ та, күдіктенуге негіз барын айтып отыр.

«Полиция қызметкерлері қайғылы оқиғадан соң Бақтыбаевпен бас араздығы бар кісілерді анықтау үшін үйінен 600-ге жуық арыз-шағымын алып кетеді. Бірақ сотта «Жезқазған Энергосбыт» компаниясына қатысты арыз-шағымдарының бірде-біреуі көрсетілмейді. Бүкіл Атасу аталмыш компаниямен соттасып жүргенін жақсы біледі. Алайда 60 томдық істе оларға қатысты бірде-бір арыз аталмайды. Қалғанының бәрі түгел тексеріледі. Бұл компанияның басшысы кім екенін білмеймін. Ұзынқұлақтан естуімізше, иесі – Кәрім Мәсімов. «Жезқазған Энергосбыт» компаниясына қатысты 500 қағаздан тұратын 7 бума бар, соның біреуін де тергеушілер назарға алмайды. Кейін оны Бақтыбаевтың әпкесіне бере салыпты. 1 млрд теңгенің дауын адам өліміне негіз ретінде алмай, күдікті үшеуді «Бақтыбаев кезінде көлік жүргізгенде қауіпсіздік белдігін тақпағаны» үшін атып кеткен деп көрсетеді», – дейді адвокат.

Одан бөлек Бақтыбев Жаңаарқа ауданындағы білім басқармасы басшысының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшының атына арыз жазған. Адвокаттың айтуынша, оның кез келгені адам өлтіруге негіз бола алады.

Екінші назар аударатын тұс - Ғалы Бақтыбаев баласының айтуынша, марқұм бар мәліметті смарфтфонында сақтаған. Оның қазасынан кейін полиция смартфонды алып кеткен, алайда тергеуде ол смартфон болған жоқ. Дәлел жоқ. Соңғы жазбасы, кіммен хабарласқаны жайлы бірде-бір мәлімет жоқ. Бұл да күмән тудырады, – дейді ол.

Ең қызығы, «Жезқазған Энергосбыт» дауынан соң «Жаңаарқа Энергосбыт» компаниясы ашылады, халыққа тиесілі 300 миллион теңге сол компанияға аударылуға тиіс еді. Оның құрылтайшысы – Ғалы Бақтыбев. 3 жылдан бері тиісті қаржы аударылмаған. Одан бөлек, «Жаңаарқа Энергосбыт» компаниясы жабылып қалыпты. Осылайша, оның басты құрылтайшысы қайтыс болғаннан кейін ақша да қайтпаған. Бұл іспен айналысып жүрген кісілер райынан қайтып, істі соңына дейін жеткізуден бас тартады. Сот шешімі бар, алайда Атасу халқына тиесілі қаржының қайтар түрі жоқ. Жалпы Бақтыбаевты қорқытып-үркіту әрекеттері 2017 жылы, белсенді жемқорлық пен алаяқтыққа байланысты қоғамдық зерттеумен шұғылдана бастағанда жасалған. Үйінің терезесін сындырған, ауласындағы жарықты атқан, қорқытып-үркітетін жазуы бар қағаз тастап кеткен, ұрып-соққан. Бұл іске байланысты полиция ешкімді таба алмады, ал бірнеше айдан соң белсендіні атып кетті.

Адвокат Есқараев неліктен күдікке іліккен үшеудің кінәсі жоқтығына тоқталды.

«Иман Мияшев Ақмола облысы Степногорск қаласында шахтада күзетші болып жұмыс істеп жүреді. Бір күні төбелес болып, қолындағы травматикалық қарудан оқ атады. Сол жерде қылмыс жасады деп, полицейлер тергеу изоляторына қамайды. Степногорскке Қарағанды облысынан жедел уәкілдер келіп, Мияшевты азаптайды. Азаптаудан соң «Ғалы Бақтыбаевты мен өлтірдім» деп жалған түсініктеме береді. 27 жастағы жігіт – ауылда жүрген қарапайым азамат. Лауазымды тұлға емес. Сондықтан Бақтыбаевты өлтіруге мотиві жоқ болған соң, Ғалым Ахмеджанов пен Азамат Букенаевты таңдайды», – деп тарқатты адвокат.

Жаңаарқа аудандық полициясы басшысының орынбасары болған Ғалым Ахмеджановтың да Бақтыбевпен шатағы болмаған. Кезінде белсенді Ахмеджановтың да үстінен арыз жазғаны бар. Алайда ол арыз бойынша тергеуші сотталады. Жылқы ұрлаған кісінің көлігімен бір істі тергеп жүреді. Көлікті полиция басқармасының алдына қояды, кейін ол өртеніп кетеді. Артынша ол тергеуші қызметіне атүсті қарағаны үшін сотталады. Яғни, бұл арыздың Ахмеджановқа келіп-кетері жоқ. Дегенмен полиция Ахмеджановты «сенің үстіңнен арыз жазған, Бақтыбаевты сол үшін өлтіргің келді» деп айыптайды.

«Үшіншіден, сотта Азамат Букенаевты ірі кәсіпкер ретінде көрсетеді. Көлік жуу орталығы және оның жанында дөңгелек жөндеу мақсатында алған шағын ғимараты мен кішігірім көлік жөндеу орталығы бар. Оның бәрі несиеге алынғанын дәлелдедік. Азаматты бұл іске тарту себебі – Мақсат Омаров деген жедел уәкілмен бас араздығы болған. Азаматтың айтуынша, кезінде әскери қызметтегі лауазымды кісі келіп, көлігін жөндетеді. Бірақ ақысын төлемейді. Жанында сол жедел уәкіл Мақсат Омаров болады. Ақысын төлеуді бір-біріне сілтеп, ақырында Омаров Азаматқа «осы ақшаға күнің қарап қалды ма?» деген сияқты әңгімелер айтады. Қатты сөзге келіп, соңы дауға ұласады. Осы оқиғадан кейін Азамат Букеновты Бақтыбевтың өліміне себепкер еткен Мақсат Омаров. Яғни, полицей жігіттің Азаматқа жасаған қастандығы», – деп топшылап отыр дейді адвокат.

«Иман Мияшовты мен аттым» дегізгені жеткіліксіз. Істі жабу үшін оқ атылған мылтықты табуы керек. Ол жігіт шын мәнінде атпаған, мылтықтың қайда екенін де білмейді. Бірақ полиция қызметкерлері әке-шешесінің үйінің жанындағы көршісінің ауласында жасырылғанын жеткізеді. Оны інісіне тыққызады. Тергеу барысында мылтықтың қайда тыққанын көрсететін жерін видеоға түсірген. Ол видеодан Иманның 2,5 ай бұрын тыққан мылтықты 18 минут бойы таппай жүргенін байқауға болады. Сол кезде Азаматпен араздығы бар Мақсат Омаров Мияшевтың жанына жақындап, құлағына «мылтық қоқыста» деп сыбырлайды. Содан кейін Мияшев бірден қоқыс жаққа барып, мылтықты алып шығады. Жедел уәкілдің дәл солай сыбырлағанын сот-медицина сараптамасы арқылы дәлелденген.

«Тағы бір факт, екі жарым ай бұрын көмілген зат қоқыстың астында болуы керек қой. Ол жерде қоқыс толған екі пакеттің астында жатыр. Сонымен қатар мылтықты көк пакетке орап қойған. Тап-таза, жып-жылтыр пакет, 2 жарым ай бойы сол жерде жатса, ең болмағанда шаң басуға тиіс еді. Жаңбырдан түсі кетер еді. Яғни, кеше ғана салынғаны анық көрсетіліп тұр. Бұл осы Ғалы Бақтыбаевтың өліміне полиция басқармасының қатысы барын дәлелдейді. Сол кездері Жаңаарқа ауданы полиция басқармасының жедел уәкілі болған Мақсат Омаров әлі күнге қызметінде. Дәлелдерге қарамастан оның үстінен қылмыстық іс ашылған жоқ, – дейді М.Есқараев.

Медициналық сот-сараптамасының тағы нәтижесінде де ол мылтықтан оқ атылмағаны анықталған. Әрі Иман Мияшов Бақтыбаевты «атып кеткен кезде» Атасудың екінші басында туған күнде отырған. Оған де куәгерлер бар, толық дәлелденген.

Ал Азамат Букенаев ол уақытта тіпті Қазақстанда болмаған. Халықаралық төлқұжатында мөр басылған – елден шыққаны жайлы факт тұр. Осының бәріне қарамастан үшінші рет сот процесі жүргізілмек.

Күдікті Азамат Букенаевтың әпкесі Сымбат Букенаева құзырлы орган олардың ізіне түсудің орнына құр уақыт созып жүргенін айтады.

Інімді 4 ай бойы уақытша тергеу изоляторында ұстады. Бірде-бір рет кездестірмеді. 4 айдан соң көргенімде денесінде көгерген іздер болды. Шошығанымнан талып қалдым. Сөйтсем, істі мойнына алмағаны үшін қолын артқа қайырып, арқасына тоқ қойып, азаптапты. Сонда да істі мойнына алмады, – дейді С.Букенаева.

Сымбат Букенаева інісіне қорғаушы болудың өзі қиынға соққанын айтып ашынды.

«Тегіміздегі бір әріптің сай келмейтінін сылтауратып, Азаматтың туған әпкесі екенімді дәлелдеуімді сұрап тұрып алды. Онысы - інімді азаптағандарын біліп қояды деп, қорықққанынан деп ойлаймын», – деп тарқатты ол.

Бүгінде 40-тан асқан Азамат Букенаевтың артында төрт баласы мен жары бар. Осы іс басталғалы інісі қарызға белшесінен батып, бүгінде «тірі өліктің» күнін кешіп жүргенін айтады. Ұш жарым жыл бойы 25 жылға сотталарын ойлап өмір сүруде. Балалары да әбден қажып кеткен. Сымбат Букенаева әділдік үшін соңына дейін баратынын айтып отыр. Бұл іске Мемлекет басшысының өзі араласып, Қарағанды облысы полициясы, прокуратурасы мен сотының жұмысына назар аударуын сұрады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама