Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда жалғызбасты әкелердің қатары 100 мыңға жетіп қалды - Рысмахан Айтбаевпен сұқбат

Сот көбіне ажырасқан отбасындағы балаларды анасымен қалдыру туралы шешім қабылдайды

 Ербол Тұрымбет 28.02.2022 | 13:10

Мамандардың айтуынша, бүгінде Қазақстанда 400 мыңдай жалғызбасты ана болса, тағы 100 мыңдай жалғызбасты әке бар екен. Аналар мәселесі қоғамда бірінші айтылатындықтан, жалғызбасты әкелердің жанайқайы жабық тақырып күйінде қалып келеді екен. Halyq Uni тілшісі осы тақырыпты қозғап, жалғызбасты әкелердің қоғамда қандай қиыншылықтарға тап болатынын біліп көрді.

Кейіпкеріміз - Кентау қаласының тумасы, жалғызбасты әке Рысмахан Айтбаев. Осыдан 11 жыл бұрын елордаға жұмыс іздеп келген ол қазір осында тұрақтап қалған. Алты жасар қызы Інжумен бірге жатақханада тұрып жатыр.

Өсіп келе жатыр. Суға түсіру, жуындыруы - қыз бала болғаннан кейін ыңғайсыз. Бөлек жатпайды, әлі күнге дейін қасыма жатады. Логопедке барып, сөйлеп бастағанына да 2-3 ай болды, - дейді Рысмахан.

Рысмахан қазір қызын соңғы 4 жылдан бері бұрын бара алмаған жерлеріне апарып жүр. Көбі - реабилитация орталықтары. Оның ішінде бассейн, логопед, массаж бар. Үкіметтен алатын 100 мың теңгедей жәрдемақы баланың еміне, керек-жарағына жетпейді екен. Осындайда «жәрдемақы алып отырсың» деп бетке басатындарды талай кездестіргендіктен, жұрттан ашық көмек сұрауға арланады.  

«Дүкенге 70-80 мың теңгеге дейін қарыз болып қалатыным бар. Осылай жәрдемақыдан жәрдемақыға дейін күтіп жүрем. Өйткені, баланың киімі бар. Ол өте қымбат. Жәй аяқ киім емес, ортопедиялық аяқкиім керек. Оның жақсысы 30 мыңнан жоғары. Қысқы киімдері бар. Қыз бала болғаннан кейін көбіне реабилитация орталықтарында жүреміз. Сонда жүргеннен кейін киіндіргенді жақсы көрем. Көп жерде мені үлгі етіп айтады. Мен содан қанаттанып, одан сайын жақсы киіндіргім келеді. Киім алып берем, пәтер ақысы бар. Соңында ақша жетпей қалады. Сосын дүкеннен қарызға алуға тура келеді», - дейді Рысмахан.

Дүкен иесі Жібек Әбішеваның сөзінше, Рысмахан мен Інжуді төңірек түгел біледі. Айтуынша, жәрдемақысы жетпен соң айдың ортасынан бастап азық-түлік, басқа да заттарды қарызға ала бастайды.

«Жағдайын білеміз, жақсы жігіт. Қызына өзі қарайды. Қарайласатын адамы жоқ. Жұмысқа шығайын десе, қызы ауру. Одан қалса спорт мектептеріне, жаттығуларына апарады. Қарызы көбейіп кетеді. Жәрдемақысы жетпей де қалады. Бірақ, қосымша табатын шығар, әйтеуір жауып жүр», - дейді дүкенші.

Рысмахан үшін жұмыс табу да өте қиын. Жұмыспен қамту орталығына 2019 жылы тіркеліп қойған. Қазір қала әкімдігіне қарасты жатақхананың бір бөлмесінде тұрады. Коммуналдық төлемдері айына шамамен 18 мың шығады екен.

«Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағамбетовтің айтуынша, 10 жыл бұрынғы халық санағы қорытындысы бойынша Қазақстанда 70 мыңнан астам жалғызбасты әке болған. Қазіргі болжам бойынша, олардың қатары 80-90 мыңға жетіп қалған. Себебі, халық саны өсті. Оған қоса, жаңадан үйленгендер арасында ажырасу жағдайы белең алған.  

«Сот көбіне балаларды анасымен қалдырады. Біздің болжамымыз бойынша 75/25%. Бірақ қоғамда көбіне әйелдердің үнін естиміз де, ерлердің жанайқайына назар аудармаймыз. Бұның да өзінің жауабы бар. Өйткені ер адамдар өз проблемасын айтқысы келмейді. Сосын жұмыстарын істей береді. Оларға көмектесетіндер де бар. Баласы ауыратын, көмекке мұқтаждары да бар. Одан соң 2-3 баласын тастап, түнделетіп таксилететіндері немесе мүлде жұмыс таба алмай жүргендері жетерлік. Заң жалғызбасты әйел адамға да, ер адамға да бірдей. Бірақ көбіне мемлекет жалғызбасты анаға көмектескісі келеді. Мысалға, әйел ипотекасы деген бар. Ерлерге неге бермеске?!», - дейді қоғам белсендісі.

Рысмахан үшін реабилитациялық шаралардың ешқайсы оңайға түспеген. Талай әкім мен министрдің алдында зарын айтып, тіпті әкімдік ғимаратында таңның атысынан кештің батысына дейін отырған күндері болған. Оның үстіне, көп жерде қызмет ақылы. Мәселен, олар республикалық реабилитация орталығына жылына 2 рет барып тұратын. Қазір орталық қызметіне мұқтаж балалардың көбеюіне байланысты жылына бір-ақ рет барады. Ол жерде бүкіл нәрсе бар. Алайда көбіне ақшасы бар ата-аналар ғана жатады. Екі аптаға 500-600 мың теңге төлеу Рысмахан секілді жандардың қолынан келмейді.

Рысмахан мемлекеттен басы артық көмек алмайтынын айтады. Соңғы рет 2020 жылы әлеуметтік көмек берілген. Одан кейін әкімдік хабар үзген.

Мемлекеттік әлеуметтік көмек ретінде бірқатар негізгі азық-түлік салынған қорап келеді. Оның біраз бөлігі - ботқа. Ал Інжу туғаннан ботқа жемейді, - дейді Рысмахан.

Рысмахан үшін қызын былай күндері ойын-сауық орталықтарына апарып, қыдыртып қайту да қиын шаруа. Ол жерлерде қарапайым арбаның өзін сағатына 500 теңгеге жалға беріледі.

Кейіпкеріміздің айтуынша, қазір Қазақстанда шамамен 100 мыңдай жалғызбасты әке бар. Бірақ олардың ешқайсы қол жайып, көмек сұрап жүргісі келмейді. Сондықтан қоғамда жалғызбасты аналар сияқты оларға да түзу көзқарас қалыптасып, қарайласып тұрса деген тілек білдірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама