Еліміздің әр өңірінен келген жиырмадан астам адам «Қазақ соқырлар қоғамы» басшысының қызметінен кетуін талап етті
Астана қаласына еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған зағиптар бас көтерді. Мүгедектігі бар жиырмадан астам адам «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмат Наурызбаевтың жұмыстан кетуін талап етіп, осыдан төрт ай бұрын түрмеге түскен белсенді, зағиптар қоғамының бұрынғы мүшесі Шаден Кәрібаевтың ісін қайта қарауға шақырды.
Олардың арасында Астанаға жету үшін несие алғандар да бар. Елордаға үнін естірту үшін жиналған зағип жандар қазіргі қоғамдық бірлестік басшысын ақша жымқырды деп айыптап отыр.
56 жастағы Күлшахар Жақыпова елімізде зағиптарға дұрыс жағдай жасалмағанын айтады. Айтуынша, қазіргі басшылық бюджеттен бөлінген қаржыны мүгедектер жандарға берудің орнына қара басының қамына жаратып, шалқып өмір сүріп жатыр.
«Мүгедектердің шипажайға баруына, дәрі-дәрмегіне төленуі керек. Елімізде мүгедектерге арналған бағдарламалар бар, алайда ол жүзеге аспайды. Талғардағы Соқырлар қоғамының жатақханасына барғанда шошыдым. Еден сынғалы тұр, су жоқ, дәретхана айдалада орналасқан. Зағиптардың жуынатын жері жоқ, үсті-басы кір-кір болып жүр. «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмат Наурызбаев мүгедектер мүддесін қорғаудың орнына жемқорлықпен айналысып отыр. Оған қарсы сөйлесек, өзімізді сотқа береді. Өзі де І топтағы мүгедек. Оның алдында бірлестік басшысы болған Байболат Әубәкіров те жағдайымызды жасамады. Наурызбаев та қара басының қамын ойлап отыр. Шаден Кәрібаев болса, жемқорлықтың бетін ашқаны үшін қамауда отыр. Бір зат ұрлаған жоқ. Мүгедектердің мүддесін қорғаймын деп темір тордан бір-ақ шықты», – дейді Күлшахар Жақыпова.
64 жастағы Ұлбике Самалбаева да осы ойды қуаттап отыр. Ол жазықсыз жандардың жаза арқалап, ал нағыз жазықтылардың бостандықта тайраңдап жүргенін айтып ашынды.
«Шаденге «Спутник» демалыс орнында жұмыс істеген кезде мемлекетке тиесілі қаржыны жымқырды деген айып тағылды. Ол көзі көрмейтіннің бәріне көмектесіп жүретін. Аталмыш мекемеде Шаденнің алдында жұмыс істеген кісілер жазаланбады. Есеп-қисап, қаражат ол кісінің қолында болмады. Мейіржан Оразжановтың мойнында еді, алайда оның мұрты да бұзылмады. Осының бәрі ел президенті Тоқаевқа жетсін. Шаденнің босатылуын талап етемін», – деді Ұлбике Самалбаева.
«Мүгедектерге жыл сайын 4 миллионнан аса қаражат бөлінеді, алайда арзанқол магнитофонның өзін 5 жыл дегенде әрең алдық», деген Ұлбике Самалбаева «Қазақ соқырлар қоғамы» мемлекет қарамағына өтуін сұрап отыр.
Шипажайларға барсақ, жанымызды ертіп жүрген адамды кіргізбейді. І топтағы мүгедекпін, жалғыз жүре алмаймын. Ал шипажайлар қасыңдағы адамнан ақша сұрайды. Бұл не бассыздық?!, – деп толықтырды ол.
Жиналғандар Шаден Кәрібаевты «Наурызбаевтың мүгедек жандарға тиесілі 81 млрд теңгені қалтасына басқанын дәлелдеп шыққан соң түрмеге тоғытты» дейді.
«Арамызда Павлодар облысынан келген Гүлнар есімді қыз бар. Наурызбаев жалған құжат жасатып, ол кісінің атынан 120 мың теңге алып отырған. Ал Гүлнарға мекеме атынан көмек деп алдап, ай сайын 10 мың теңге беріп келіпті. Осы секілді 30-40 адам бар. Әрқайсынан Жұмыспен қамту орталығы арқылы ақша алып отырған. Біз соны дәлелдеп шықтық, Павлодар облысының төрағасы 5 жылға сотталуға тиіс еді. Алайда аппеляциялық сотта ақталып шықты. Өйткені Наурызбаев тамыр-танысын араға салып, «алып» қалды. Оның «қайтсем де, оны шығарып аламын» деген сөздері әлеуметтік желілердегі Соқырлар қоғамы группаларында жүр», – дейді Соқырлар қоғамының Қызылорда қаласындағы мүшесі Ролан Бейменов.
Зағип жандар осыдан төрт ай бұрын 7 жылға бас бостандығынан айырылған Шаден Кәрібаевтың түрмеде жазықсыз отырғанын айтып ашынды. Жанайқайы тиісті ведомство басшыларына, құзырлы органдарға жету үшін арнайы Астанаға келген зағип жандар қажет болса апта бойы нәр татпай, аштық жариялауға дайын екенін айтады.