Олардың пікірінше, қазақ тілін күштеп үйретудің керегі жоқ
Мәжіліс депутаттары «Мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы» заңды қабылдауға қатысты пікір білдірді деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бұған дейін қазақстандық кәсіпкер, Chocofamily холдингінің негізін қалаушы Рамиль Мухоряповтың ресейліктермен кездесуінде қазақ тіліне қатысты айтқан сөзі әлеуметтік желіде дау туғызған еді.
Желідегі видеода кәсіпкер шетелден келіп жатқан ресейліктерге оларды түсіне тұра, қазақ тілінде жауап беру «біртүрлі және бұл ұлтшылдықтың белгісі» екенін айтады.
Кейін Мәжілістегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы (19 депутат) қазақ тіліне қатысты даулы мәлімдеме жасаған кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың үстінен Бас прокурор Берік Асыловқа шағым түсіріп, мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы заң қабылдайтын уақыт келгенін айтқан болатын.
Иә, заңды қабылдау керек. Себебі осында отырғанда (Мәжіліс отырысында, – автор) жүрегім ауырады. Себебі министрлер келіп, қазақша дұрыс сөйлемейді. Сөздің соңында жалғау, жұрнақ болады ғой. Оны дұрыс айтсаң, дұрыс мағына береді, ал дұрыс айтпасаң, сөздің мағынасы жоқ. Осы жігіттер (министрлер, – автор) өздерінше ағылшын, қытай және басқа тілдерді біледі. Алайда неге өз тілінде сөйлегісі келмейді? - деді депутат Азамат Әбілдаев.
Оның пікірінше, қоғамда қазақ тілі мәселесі әлі өзекті.
«Авторы кім екені есімде жоқ. Мектепте оқып жүргенде жаттаған тақпағым бар еді: Ана тілін білмеген – ақылы жоқ, желікбас. Ана тілін сүймеген халқын сүйіп жарытпас. Қазіргі жағдай соған тура келіп тұр. Ана тілінде сөйлегісі келмей тұрған министрлер халқын сүйіп жарытпас деген осыдан шығады», - деді ол.
Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбековтің айтуынша, бүгінде мемлекеттік тілдің дамуына барлық жағдай жасалған.
Менің ойымша, бүгінде заңды («Мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы» заң, – автор) қабылдаудың керегі жоқ. Себебі әр азамат өсемін, өнемін десе, тілді білгені жақсы, - деді депутат Құдайберген Ержан.
Ал Мәжіліс депутаты Балаим Кесебаева мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін алдымен қазақтар өз тілінде сөйлеуі керек деген ұстанымда.
Айта кетейік, кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың әрекетін қазір полиция тексеріп жатыр. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалғанғаны белгілі.