Елорда қалың қардың астында қалды: 25 мм қар жауды
Қалада көлік қозғалысы қиындады
Нұр-Сұлтан қаласында қарашаның 24-інен 25-не қараған түні және бүгін күндіз 25 мм қар жауған. «Қазгидрометтің» мәліметінше, бір тәулік ішінде айлық мөлшерде қар жауған, омбы қардың биіктігі – 28 см.
Қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген тәртіптегі жұмысқа көшті. Әкімдіктің хабарлауынша, қалада таңға дейін 26 мың текше метрге жуық қар шығарылған. Жүк көліктері қар полигондарына 14 мыңнан аса қатынаған. Қар тазалауға барлығы 2 мыңнан астам арнайы техника мен 1900 жұмысшы жұмылдырылған.
Жалпы, 1 қарашадан бері елордада 45,1 мм жауын-шашын түскен. Бұл айлық нормадан 1,5 есе артық екен.
«Қазгидрометтің» болжамы бойынша, бүгін сағат 16:00-де жауын-шашын тоқтайды.
Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы ауа райының қолайсыздығына байланысты бүгін екінші ауысымдағы қала мектептерінің 0-7 сынып оқушыларын қашықтықтан оқыту форматына көшірді.