Halyq Uni логотип
×

Шымкентте 22 жастағы жігіт құрылыс алаңында қайтыс болды: оқиғаның мән-жайы айтылды

Дінмұхамед Қалдыкөздің жұмысқа орналасқанына 15 күн болған

Шымкентте 22 жастағы жігіт құрылыс құрылыс алаңында қаза тапты. Қайғылы оқиға 16 қазанда «Тұран-2» шағын ауданында болған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Құрылысты жұмыс істеген Дінмұхамед Қалдыкөздің үстіне жоғары қабаттан құрылыста қолданылатын ауыр зат құлап кеткен. 2000 жылы туған жігіт оқиға орнында қайтыс болды.

Марқұмның ағасы Бекболат Шойбековтің айтуынша, құрылыс алаңында қауіпсіздік техникасы сақталмаған.

«16 қазанда сағат кешкі бес шамасында «Тұран-2» шағын ауданындағы жұмысшылар хабарласып, інімнің басына ағаш тигенін айтты. Сол кезде бірден оқиға болған жерге бардым. Інім көз жұмып кетіпті. Оқиға болған жерден алып, бес шақырым жерге шығарып, жедел жәрдем көлігіне салған», - дейді Шойбеков.

Оның сөзінше, жас жігіттің басына 8 не 9 қабаттан 6 метрлік зат құлаған.

...Басына түскен, бала жерге кіріп кеткен. Сол жердегі жұмысшылар жедел жәрдемге хабарласқан. Бала сол жерде қайтыс болған. Осы маңдағылар нысан ішінде қауіпсіздік техникасы жоқ екенін айтты. Інімнің басында каска да болмаған, - дейді ол.

Дінмұхамед Қалдыкөз 2000 жылы Қазығұрт ауданында туған. Отбасының үлкені, мамандығы бойынша электрші. Артында ата-анасы, екі інісі және үш қарындасы қалды.

«Сити Строй» корпорациясы салып жатқан нысанда 15 күннен бері жұмыс істеп жатқан.

«Полиция кеше құжат әкеліп, қол қоюымды сұрады. Қол қоймадым. Ол жерде оқиға туралы жария етпеуге қол қою керек екені көрсетілген. Оқиғаның ақ-қарасын білейік. Менің інім сол жерде өліп кетті, ертең тағы басқа жұмысшы сол жерде өліп кете беруі керек пе?», - дейді марқұмның ағасы.

Айтуынша, құрылысты үш мекеме жүргізіп жатқан. Алайда қазірге дейін ешкім хабарласып, марқұмның туыстарының жағдайын сұрамаған.

«Сити Строй» өкілі Ермек Маженовтің айтуынша, марқұммен арада келісімшарт бар. Ол жекеменшік компаниямен жұмыс істеген.

«Дінмұхамед тегістеу жұмыстарымен айналысып жатқан. Ал жоғары қабатта блок қылып қаптау (опалубка) жұмыстары жүріп жатқан. Сол кезде 6 метрлік зат құлаған. (...) Тор құру туралы басшылыққа айттық. Мамырда осы мәселені көтердік. 4 қабатты көтергеннен кейін қауіпсіздік шарасы үшін сетка керек дедік. Әкелеміз деп уәде берген, бірақ әлі күнге дейін әкелмеді», - дейді Ермек Маженов.

Айтуынша, құрылыста 120 адам жұмыс істейді. Нысан құрылысы 2021 жылдың наурызында басталған, 2022 жылдың желтоқсанында аяқталуы керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама