×

«Мақсатым – көзімнің тірісінде ұлымның сүйегін табу». Әділдік іздеген әйел Астанаға келді

Ол бір жарым жылдан бері жұмбақ жағдайда қайтыс болған ұлының мәйітін таппай жүр

 Наима Нұрәлі 14.10.2022 | 10:24

Алматы облысының тұрғыны Светлана Еслямова осыдан 1,5 жыл бұрын жұмбақ жағдайда қайтыс болған 37 жастағы ұлы Арманжан Мирзалимовтың мәйітін әлі күнге дейін таппай келеді. 2021 жылдың 27 қаңтарында ұлы достарымен Жаңа жылды қарсы алу үшін кетіп, қайта оралмаған. Сәуір айында ғана баласының кенеттен «жүрегі тоқтап», қайтыс болғанын естиді.

Сот-медициналық сараптамасында марқұмның жүрегі тоқтап қалған деп көрсетілген. Анасы Алматы облысы Есік қаласының мәйітханасына барғанда, ұлының мәйітін таппаған. Оның айтуынша, Арманжанның сүйегі 11 қаңтар күні Еңбекшіқазақ ауданының мәйітханасына жеткізілген. Алайда, марқұмның денесінің мәйітханаға түскен уақыты бар да, мәйітханадан шыққан уақыты жоқ. Мәйітхана басшылығы Арманжанның денесінің қайда жоғалып кеткенін нақты айтпай, мәселені қаңтарда жұмыстан шығып, біржола Ресейге көшіп кеткен қызметкерлеріне бұра салған. Ашынған ана 5 рет тергеуші ауысып, 1,5 жыл ішінде бірде-бір нәтиже шықпаған соң, бұл іске Есік қаласының полициясы мен мәйітхана қызметкерлерінің қатысы барын айтып отыр. Астанаға әділдік іздеп келген Светлана Еслямова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрайды.

Қарға қарғаның көзін шұқымайдының кері, жүрек талмасынан қайтыс болды дегені жалған. Полиция қызметкерлері ұлымды өлтіріп, мәйітін көміп тастаған. Не болмаса, осы іске қатысы болғандықтан саусағын да қимылдатқысы келмей отыр, - дейді марқұмның анасы.

Арманжан – үйінің тұңғышы. Бұрынғы жарымен арада бала болмаған соң ажырасып кеткен екен. Артынан ерген қарындасы мен інісі қазір қайғыдан қан жұтып отыр. Светлана күйеуімен ажырасып кеткен соң, балаларын кішкентайынан жалғыз өзі өсірген. Арқа сүйер ұлының қайтыс болғанына әрең көндіккен ана енді мәйітін таба алмай дал.

«Мәйітханада ұлымның суретін ғана көрсетті. Мысық емес, мәйіт жоғалып отыр. Қызметіне салғырт қарағаны үшін ешкім жұмыстан кеткен жоқ. Ақтық демім қалғанша әділдік үшін күресемін. Ұлымның әруағы тыныш болғаны керек. Бар мақсатым – көзімнің тірісінде ұлымның сүйегін табу. Тоқаевтан көмек сұраймын. Ұлымның жұмбақ өлімі мен мәйіттің жоғалуына бей-жай қарамауды сұраймын. Есік қаласының полициясы жұмысын істей алмаса, несіне ақша алып отыр? Соңғы үміті Президентте. Тоқаевпен кездесу үшін Ақорда алдында 10 күн түнеуге дайынмын. Ұлымның мәйітін тауып берсін, кінәлілер жазасын алсын!», - дейді Светлана Еслямова.

Еске салайық, қазір бұл іске «Әділдік жолы» РҚБ Алматы қалалық филиалы араласып, Алматы облыстық прокуратурасынан сотқа дейінгі тергеудің заңдылығын бақылауын сұрап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама