Жалғызбасты аналардың жанайқайы: «Біреулердің ажырасқаны үшін пәтерден қағылатын болдық»
Индустрия министрлігінің алдына 50 шақты әйел жиналды
3 қазанда Астанада жалғызбасты және көпбалалы аналардан құралған 50 шақты әйел Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алдына жтиналды. «Келімсектерге жағдай жасап, қазақтарды қаңғытып жатыр» деген олар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына енгізілген өзгерістерге қарсы екенін жеткізді. Жалғызбасты аналар «құжатымызды тапсырып, көп ұзамай баспаналы боламыз деп жүргенде, толық емес отбасыларды тізімнен мүлдем алып тастады» деп ашынды.
«Үш ай бұрын барлық құжатты жинап, өткіздік. Баспаналы боламыз деп жүрсек, тізімнен алып тастапты. Енді қалай үй аламыз? Бағдарламаға енгізілген өзгерістерді қайтарып алсын. Бағдарлама іске қосылғалы бері елде ажырасу көрсеткіші күрт көбейді дейді. Біреулер ажырасты екен деп, расымен мұқтаж жандарды баспанадан айырып отыр. Осы ма дұрыс шешім шығарғандары? Шаш ал десе, бас алады. Сонда біз қалай үй аламыз?», - дейді Қымбат Милатқызы.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері «Бақытты отбасы» бағдарламасы басталғалы бері елімізде ажырасу көбейгенін алға тартып, тұрғын үй бағдарламасының бұл түрінен жалғызбасты аналар алынып тасталғанын растады. Себебі жеңілдетілген несиеге үй алу үшін құжат бойынша «әдейі» ажырасып, кейін қайта қосылатындар көбейгені соншалық, бағдарламаға қатысуға өтініш бергендердің 50 пайыздан астамы толық емес отбасы санатынан болған.
Сонымен «Бақытты отбасы» бағдарламасына көпбалалы отбасылар, 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедек бала бағып отырған отбасылар және жетім балалар қатыса алады. Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол жалғызбасты аналар үшін 5 пайыздық «Шаңырақ» бағдарламасы бар екенін айтты. Одан бөлек, алғашқы жарнасыз, сатып алу құқымен тағы бір бағдарлама іске қосылатынын жеткізді.
«Бұл санаттан алып тасталған жоқ. Бұл топтың ішінде бар. Биылдыққа 2 пайызбен мұқтаж болып тұрған адамдарға 51 миллиард теңге ақша бөлінді. Қалғандары 5 пайызбен алады. Сонымен қатар алғашқы жарнасыз әрі сатып алу құқығымен берілетін жалдамалы пәтерлер бойынша бағдарлама әзірленіп жатыр», деді Бауыржан Қабдол.
Министрлік өкілінің жауабына көңілі толмайтынын айтқан жалғызбасты ана Назира Мукашева орынбасарлардың құрғақ уәдесіне қанағаттанбайтынын айтты. Олар министрдің өзі жауап бермейінше талабын айтуын тоқтатпайтынын жеткізді.
Пәтер санын көбейтсін. Үй кезегінде 10 жылдан бері тұрсақ та, жылжымайды. 2021 жылы кезекке тұрғандар үйлі болып жатыр. Енді бізге 5 пайыздық «Шаңырақ» бағдарламасымен алатынымызды айтады. Ол бізге тиімсіз, 2 пайызбен алғымыз келеді, - дейді жалғызбасты ана Назира Мукашева.
Бүгінде пәтер жағалап, баласын жалғыз бағып жүрген аналарға берген министрлік өкілдерінің жауабы «күту керек» дегеннен арыға бармады. Ашынған аналар талабы орындалмаса, Ақорда алдына жиналуға уәде берді.