Қазақстанда спорт саласындағы басқару жүйесі ретке келтіріледі

Қымбат Елтайқызы

Спорт федерацияларының жұмысы реттелмек

фото: Туризм және спорт министрлігі

Туризм және спорт министрлігі спортты дамыту мәселелері бойынша заң жобасын әзірледі, деп хабарлайды Halyq Uni.

Туризм және спорт министрлігі «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі.

«Қазіргі уақытта еліміздегі жергілікті, өңірлік әрі республикалық спорт федерациялары жеке субъектілер ретінде әрекет етеді әрі бір-біріне бағынбайды. Бұл жағдай спортты дамытудағы тәуелсіз саясат жүргізуге, мүдделер қақтығысына және жауапкершіліктің бұлыңғырлығына әкеп соғып отыр. Нәтижесінде спорттың дамуы баяулап отыр», – деп мәлімдеді Туризм және спорт министрлігі.  

Ұсынылып отырған жаңа модель жергілікті федерациялардың аккредиттелген республикалық (немесе өңірлік) спорт федерацияларына бағынышты болуын көздейді. Бұл өзгеріс спортты дамыту саласындағы басқаруды орталықтандыруды, тиімділікті арттыруды әрі жауапкершілікті айқындауды мақсат етеді.

Бұл заң жобасы спорт саласындағы басқару жүйесін ретке келтіріп, еліміздегі спортты дамытуға жаңа серпін береді деп сенеміз. Біз әртүрлі деңгейдегі федерациялардың үйлесімді жұмыс істеуі үшін жағдай жасауға тырысамыз, – деді туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Құжат қабылданған жағдайда, спорт федерациялары арасындағы өзара қарым-қатынастарды реттейтін жүйе құрылып, спортты дамытуға бағытталған тиімді саясатты қалыптастыруға мүмкіндік береді.