Бұл – тарихи нәтиже
Бүгін Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайында самбодан (спорттық, жауынгерлік, зағип жандар арасында) әлем чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, жарыстың шешуші күнінде ұлттық құрама 1 алтын, 3 күміс, 2 қола жүлде жеңіп алды.
Айта кетейік, жауынгерлік самбодан әйелдер сайысы мен зағиптар арасындағы бәсеке әлем чемпионатына алғаш рет енгізілді.
«Енді ғана ересектер санатына ауысып, әлем чемпионатына қатысып жатырмын. Жекпе-жек барысында жарақат алсам да, өз жерімде соңына дейін шыдап бақтым. Барша жанкүйерге алғысым шексіз. Бұл жеңісімді өмірден өткен әкеме арнаймын. Марқұм әкем мені ересектер арасында ең жоғарғы санаттан көргісі келіп еді. Міне сол мақсатым орындалды», – деді жауынгерлік самбодан аса ауыр салмақта чемпион атанған Нұрила Асанқызы.
Ал жалпы қорытынды жүлде есебінде Қазақстан құрамасы 2-орынға тұрақтады.
Бұған дейін спортшыларымыз жалпы есепте ең жоғарғы 2-орынды 2014 жылы Жапонияда өткен әлем чемпионатында тіркеген.
«Қазақстан жерінде екінші мәрте ұйымдастырылып жатқан әлем чемпионатын абыроймен аяқтап, жалпы есепте екінші орынды алдық. Қолдау танытқан, оқу-жаттығу жиынын өткізуге көмектескен жандарға алғысым шексіз. Жүйелі түрде дайындалдық. Міне, енді соның жемісін көріп жатырмыз. Жеңісті күндерде жолыққанша!», – деді самбодан Ұлттық құраманың бас бапкері Біржан Имаханов.
Биылғы әлем чемпионатына жаһанның 80 елінен 470 спортшы жиналып, 46 ел жүлдемен қайтты.