«Шахтер» басшылығы жаңарды

Халық үні

Клубтың атқарушы директоры болып Талғат Дүйсеков тағайындалды

Фото: shakhter.kz

5 қарашада «Шахтер» клубының директорлар кеңесінің кезектен тыс отырысы өтті. Бұған дейін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев клуб басшылығын сынға алып, клубты қазіргі дағдарыстан алып шығудың жолын табуды тапсырған.

Директорлар кеңесінің шешімімен клубтың жаңа атқарушы директоры болып кәсіпкер, қоғам қайраткері және меценат Талғат Дүйсеков тағайындалды. Спорт менеджменті саласында тәжірибесі бар. 2022-2023 жылдары ол Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына кіретін Асық ату федерациясын басқарған. Аз уақытта ұйымның құрылымын жаңартып, тұңғыш рет Асық атудан Азия чемпионатын өткізген.

Оның басты міндеті – «Шахтерді» қазіргі тығырықтан шығарып, клуб жұмысын қайта құру, тың күш беріп, әлеуетін күшейту. Облыс әкімінің тапсырмаларын ескере отырып, бір айдың ішінде клубтың даму стратегиясын дайындау.

Бұдан бөлек, клубтың жаңа басшылығына балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту міндеті жүктелді. Осыған орай, қалалар мен аудандарда «Шахтер» академиясының филиалдары ашылады. Келесі жылы жасөспірімдер мен жастар командалары арасында футбол туринирі өтеді, оның нәтижесі бойынша жас дарындар Академияда оқуға іріктеледі.

Қазірдің өзінде клубтың жаңа басшылығы тренерлік штабқа шетелдік мамандарды тарту бойынша келісімдер жасаған. Бүгін белгілі болғандай, негізгі команданы жаңа маусымға чех жаттықтырушысы Иржи Ярошик дайындайды.

Иржи Ярошик – кәсіби футоблшы, ол Англияның (Челси құрамында), Шотландияның (Селтик құрамында), Чехияның (Спарта құрамында), Ресейдің (ЦСКА құрамында) чемпионы болған, испандық Примерде үздік ойын көрсеткен (Сарагоса мен Алавес құрамында). Жоғары дивизиялық еуропалық чемпионаттарда кәсіби клубтарды жаттықтыруға құқық беретін UEFA PRO лицензиясы бар. «Шахтерға» келгенге дейін Чехия, Словакия, Словения мен Ресей клубтарында жаттықтырушы болған.

Жаттықтырушы міндеттерімен қатар Ярошик қарағандылық футобол мамандарының кәсібилігін көтерумен айналысады.