Көрермендер мен жанкүйерлер бұған рефериді айыптап отыр
Астанада аралас жекпе-жектен өткен Dala Fighting Championship турнирінде қайғылы оқиға орын ала жаздады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қазақстандық файтер Жұман Жұмабеков (14-8) үндістандық қарсыласына қылқындыру әдісін жасаған кезде, рефери оның талып қалғанын байқамаған, деп мәлімдеді 1bol.kz.
Жекпе-жек бірінші раундта аяқталды. Жұмабеков Үндістаннан келген файтер Абилхаш Раутты (2-4) алдымен жерге атып ұрып, артынша оған қылқындыру әдісін жасады. Оның талып қалғанын төреші байқамағанымен, Жұманның өзі байқап, әдісті дереу тоқтатты. Мұнан кейін де үнді спортшысы біраз уақыт есін жия алмай жатты.
Реферидің мұндай салғырттығына жанкүйерлердің көбі наразылығын білдіріп пікір жазды. Олардың қатарында елге танымал файтер Артем Резников те бар.
Жұманның кәсіпқой спортшы екені жақсы болды. Ол қарсыласының талып қалғанын сезіп, әдіс жасауды өзі тоқтатты. Егер дәл солай қылқындыруын жалғастыра берсе, астында жатқан адам өліп кетуі мүмкін еді, - деді Резников.
Ал осы турнирдің басты жекпе-жегі қазақстандық танымал файтер Васлий Тахтай (10-0) және америкалық ардагер Уилл Чоуп (42-23) арасында өткен болатын. Отандасымыз небәрі 40 секундта қарсыласын жерге құлатып, партерде ұрып тастады әрі осы турнирдің жеңімпазы атанды.