Елордада топтық гимнастикадан чемпионат өтеді
Бас қалада тағы бір жарыс ұйымдастырылады
23 және 24 қазан күндері ASPAN спорт орталығында эстетикалық топтық гимнастикадан Қазақстан чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жергілікті әкімдік мәліметінше, ел чемпионатын қазақстандық Эстетикалық топтық гимнастика федерациясы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетімен және Спортты дамыту дирекциясымен бірлесіп, Астана әкімдігі мен Спорт басқармасының қолдауымен өткізеді. Барлық спорт әуесқойы, қонақтар мен елорда тұрғындары үшін кіру тегін.
Жарысқа Қазақстанның 7 өңірінен, яғни Ақтөбе, Атырау, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы, Шымкент, Астана қалаларынан 33 команда, 286 спортшы қатысады. Жарыс ұзақ және қысқа бағдарлама бойынша, сондай-ақ аралас командалар арасында, үш жас санатында: 12-14 жас, 14-16 жас (жасөспірімдер), 16 жас пен одан жоғары (сеньорлар) ұйымдастырылады, – деп қосты ведомство.
Қазақстан чемпионатының бас төрешісі – Қазақстан эстетикалық топтық гимнастика федерациясының президенті Мадина Бектұрғанова. Жарыс аясында 9 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жарыс қорытындысы бойынша, 2025 жылға арналған Қазақстанның Ұлттық құрама командасы құрылады.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі 23 қазан күні сағат 12:00-де басталады. Турнир аясында «Сұлу – бақытты балалық шақ аумағы» республикалық балалар фестивалі өтеді.