Зарина Дияс Түркиядағы турнирде жеңіске жетті
Бұл – теннисшінің биылғы алғашқы жеңісі
Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Түркияның Кайсери қаласында өтіп жатқан ITF W50 категориясындағы турнирдің финалында жеңіске жетті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Шешуші матчта WTA рейтингінде 488-орында тұрған отандық спортшы Беларусь елінен келген Алена Фалейді жеңді (224 WTA ), деп мәлімдеді Қазақстан теннис федерациясы.
Алғашқы сетте Зарина 0:6 есебімен жеңілсе, келесі екі сетте 6:4, 6:3 есебімен алға шықты. Бұл Дияс үшін биылғы алғашқы және ITF аясындағы оныншы жеңіс болды. Сонымен бірге, ол 2010 жылғы Токиода өткен WTA 250 сериясы турнирінде жеңіс тұғырына шыққан еді, – деп қосты ведомство.
Спортшы жарақат салдарынан екі жыл бойы жарыстарға қатыса алмай, кортқа толыққанды биыл мамырда қосылған болатын.