Елордада пауэрлифтингтен әлем біріншілігі өтеді

Қымбат Елтайқызы

Бас қалада тағы бір халықаралық жарыс ұйымдастырылады

фото: paralymp.ru

Астанада 5 -12 қазан күндері аралығында көру қабілеті төмен және зағип спортшылар арасында IBSA пауэрлифтинг пен жатып сығымдаудан әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жергілікті әкімдік мәліметінше, бұл маңызды шара алғаш рет Қазақстанда ұйымдастырылып отыр. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен келген ең мықты спортшылар қатысады. Біріншілікке 9 елден 71 спортшы қатысады: Қазақстан, Грузия, Украина, Түркия, Египет, Ливия, Чехия, Израиль, Кения. Жалпы қатысушылар саны 130 адамды құрайды, оның ішінде жаттықтырушылар, көмекшілер әрі төрешілер бар.

Бұл чемпионат елімізде зағип спортшылар арасында пауэрлифтингтен өткізілетін әлемдік деңгейдегі алғашқы іс-шара болып саналады. Біріншілік елімізде инклюзивтікті қолдауға әрі мүмкіндігі шектеулі жандардың спортын дамытуға маңызды үлес қосады. Іс-шараға кіру тегін, – деп қосты ведомство.

Чемпионат қазақстандық пара пауэрлифтинг федерациясы мен Қазақстандық зағип спорт ассоциациясымен ұйымдастырылып, Туризм және спорт министрлігі мен елорда әкімдігінің қолдауымен өткізіледі.