Halyq Uni логотип
×

Қысқы Азия ойындары келесі жылы Қытайда өтеді

Халықаралық додада Қазақстан да сынға түседі

 Қымбат Елтайқызы 01.10.2024 | 16:55
Қысқы Азия ойындары келесі жылы Қытайда өтеді
фото: Туризм және спорт министрлігі

Қазақстан ҰОК 2025 жылғы қысқы Азия ойындарына дайындық бойынша семинарға қатысты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Olympic.kz мәліметінше, Харбинде (Қытай) 2025 жылғы қысқы Азия ойындарына дайындық бойынша семинар өтті. Оған Азия Олимпиадалық кеңесінің өкілдері қатысты. Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің атынан шараға Спорт департаментінің директоры Бектұр Қиятбай мен Халықаралық қатынастар департаментінің бас жетекшісі Айзат Қарашашев қатысты. Семинар барысында алдағы Азиаданың ұйымдастыру комитетінің әр бөлімі Ойындарға дайындық қандай деңгейде жүріп жатқаны туралы баяндама жасады.

Харбин Азия ойындарын өткізу құқығын бір жыл бұрын алса да, спорт нысандары қазірдің өзінде спортшыларды қабылдауға дайын. Ұйымдастыру комитетінің құрамына 2022 жылғы Бейжіңдегі Олимпиадада және 2022 жылғы Ханчжоудағы Азия ойындарында жұмыс істеген кісілер енді. Азия әрдайым кешенді жарыстарды жоғары деңгейде өткізеді. Сондықтан біз Харбинде өтетін 2025 жылғы қысқы Азия ойындарының ұйымдастырылуы еш қиындықсыз өтетініне сенімдіміз. Ұйымдастыру комитетімен күнделікті байланыстамыз. Себебі ақпарат ұдайы жаңартылып отырады, - деді Бектұр Қиятбай. 

Семинардан бөлек ҰОК қызметкерлері жеке кездесу өткізіп, онда ұйымдастыруға қатысты мәселелер, атап айтар болсақ, негізгі мерзімдер, логистика, тұратын жерлердің жағдайлары, жүк тасымалдау әрі спорттық жабдықтарды рәсімдеу мәселелері талқыға салынды. 

Харбин Азия ойындарын өткізу құқығына екінші мәрте ие болып отыр. 2025 жылғы мультиспорттық оқиға ақпанның 7-14 аралығында өтеді. Жарыстар аясында спортшылар 12 спорт түрі бойынша 64 медаль жиынтығын таласқа салады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама