Головкинге боксшылардың дайындығы жайлы есеп берілді

Қымбат Елтайқызы

ҰОК басшысы тағы бір маңызды кездесу өткізді

фото: olympic.kz

Ұлттық Олимпиада комитеті мен Бокс федерациясы бокс командасының жақын арадағы жоспарларын талқылады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Olympic.kz мәліметінше, Ұлттық Олимпиада комитеті мен бокс федерациясы кездесу өткізді. Кездесуге ҰОК президенті Геннадий Головкин, бас хатшы Әлімжан Ақаев, ҚБФ басшысы Шахмұрат Мүтәліп, атқарушы директор Рауан Игенев, ерлер командасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов пен Асқар Еркебаев қатысты.

ҰОК басшысы Франция астанасы Парижде өткен 2024 жылғы Олимпиада ойындарынан кейін алғаш рет Қазақстан құрмасының бапкерлер штабымен кездесті. Головкин 2024 жылғы Олимпиадаға қатысқан боксшылардың қазіргі жағдайынан хабар алды. Сондай-ақ, бапкерлер өз кезегінде алдағы турнирлер қарсаңында жаттығу жиыны өтіп жатқанын мәлімдеді, – делінген ақпаратта.

Ұлттық құрама Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған халықаралық турнир мен Қазақстан чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр. Қайрат Сәтжанов пен Асқар Еркебаевтың айтуынша, бұл жарыстардың қорытындысы команданы жасақтауға тікелей әсер етеді. Одан бөлек, мамандар құрамадағы қазіргі жағдайды баяндап, боксшылардың тынымсыз еңбекке дайын екенін айтты.

Тараптар команданың әрі қарайғы дамуына байланысты бірқатар мәселені талқылады. Геннадий Головкин қабылданған шешімдерді қолдайтынын білдіріп, ұсынылған жоспарға өз ұсыныстарын айтты.

Бұған дейін Головкиннің Бас прокуратурамен маңызды келісімге келгені жайлы жазған едік.