Бұл келісім құжатпен бекітілді
Ұлттық Олимпиада комитеті мен Бас прокуратура меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Olympic.kz мәліметінше, Ұлттық Олимпиада комитеті мен Бас прокуратура дене шынықтыру және спорт саласындағы заңдылықты сақтау мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасады.
Бас прокурор Берік Асылов пен Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин қол қойған келісімнің мақсаты – спорт саласында заңдылықтың нығаюы, бюджет қаражатын жымқыруды болдырмау және басқа да қылмыстарға жол бермеу, салауатты өмір салтын насихаттау, әсіресе жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу, – делінген ақпаратта.
Асылов өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында уәкілетті органмен бірге кәсіпқой спортта негізгі мәселелерді шешу және осы саладағы заңнаманы жаңарту керек екенін айтты.
Іс-шара нәтижесінде тараптар белсенді ақпараттық өзара іс-қимылды, бірлескен талдауларды, жобаларды, оның ішінде күштік органдар қызметкерлері арасында танымал спортшыларды дайындап шығару мақсатында құқық қорғау органдарында спортты кеңінен насихаттау бойынша жұмыстар жүргізу жайлы келісімге келді.