Спорттағы жеңіс пен жеңіліс қатар жүретінін ұмытпаған абзал екендігі айтылды
Қазақстан Республикасының Көкпар федерациясы 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарының нәтижесіне және қазақ-қырғыз арасында өткен финалдық ойында туындаған дауға қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ақпаратқа сәйкес, көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына тыңғылықты дайындалған. Көшпенділер ойындарына дайындық ретінде спортшылар 6 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Соңғы 5 оқу-жаттығу жиыны аттармен және спортшыларға сай келетін ат таңдаумен өтті. Федерация тарапынан да арнайы дайындықтағы 10 ат сатып алынды.
«5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына көкпардан келген 9 құрама да өте жақсы дайындықпен келгенін айта кеткен жөн. Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы іріктеу кезеңінде Өзбекстан құрамасын 16:0, АҚШ құрамасын 12:4, Ресейден келген көкпаршыларды 18:2 есебімен жеңген еді. Ал финалдық ойында Қырғызстанмен негізгі уақытта 4:4 есебімен тең түсіп, қосымша уақытта команда капитаны Құрманбек Тұрғанбектің алтын салымының арқасында 5:4 есебімен басым түсті. Осылайша, көкпардағы Қазақстанның беделі биік екенін тағы да дәлелдеді. ҚР көкпар федерациясы айтулы жеңіске қол жеткізген спортшыларымыз бен бапкерлік құрамды бағалы сыйлықтармен марапаттайтынын да жеткізгіміз келеді», – делінген хабарламада.
Көкпар – ежелден екі елдің де мәдениеті мен тарихында ерекше орын алатын спорт түрі. Өкінішке қарай, халық арасында қазақ-қырғыз құрамаларының ойыны емес, кейбір түсінбеушіліктер қоғам назарын аудартып отыр. Біріншіден, ереже бұзған қазақстандық спортшы жазасын алып, екі минуттық айып алаңына жіберілді. Екіншіден, қырғыз делегациясының тарапынан төрешілерге ешқандай протест келіп түспегенін де естеріңізге саламыз. Қазақстанның Көкпар федерациясы кез келген келіспеушіліктер спорттық әдеп негізінде шешілуі тиіс екенін атап өтеді. Әлеуметтік желідегі негатив пікірлер, қазақ спортшыларының тарапына айтылған жағымсыз сөздерді де құптамаймыз. Біз қазақ және қырғыз халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз, бірақ марапаттау рәсімінде өзіне тиесілі жүлдені шешіп тастау, жеңіске жеткен құраманың әнұранын тыңдамай кетіп қалу бізге жат қылық. Спорттық бәсеке кезіндегі дау-жанжалдар екі елдің арасындағы ынтымаққа кері әсерін тигізбеу қажет. Келесіде бұндай келеңсіз жағдай қайталанбас үшін тәртіптік кеңес отырысы өтетінін, бұл жағдайда тиісті шара қолданатанымызды хабарлаймыз. Спорттағы жеңіс пен жеңіліс қатар жүретінін ұмытпаған абзал, – деп қосты федерация өкілдері.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Көкпар федерациясы алдағы уақытта да көкпарды халықаралық деңгейде дамыту және тарату жолында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.
Әрбір халықаралық турнир — бұл елдер арасындағы достықты нығайту мен ортақ мұраға деген құрметті көрсетуге мүмкіндік. Сондықтан біз болашақта да көкпарды ынтымақ пен бірліктің нышаны ретінде көруге ниеттіміз, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ федерация әкімшілігі Қырғызстан көк бөрү федерациясының тарапы 1 қарашада өтетін турнирге шақырғаны туралы да сөз қозғады.
Көпшілік бұны 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарының финалы бойынша қарымта кездесу деп ойлап отыр. Қырғызстан тарапы ашық тунирге қатысуға шақырды. Ескере кететін жайт, бұл турнир біздің күнтізбелік жоспарымызда жоқ. Ол уақытқа өзіміздің өзге турнирлеріміз қойылған. Алдағы уақытта Қырғызстан тарапы көкпардан әлем чемпионаты немесе халықаралық турнирлерге шақырған жағдайда диалог жүргізуге әзір екенімізді жеткіземіз. Көпшіліктің екі ел арасындағы қарымта кездесуді күтіп отырғаны көкпар спортына деген қызығушылықтың артқанын білдіреді. Бұл қуантарлық жағдай. Ұлттық ойынымыздың деңгейі бір саты көтерілгендігінің белгісі ретінде қабылдаймыз, – деп түйіндеді федерация өкілдері.