Тоқаев Паралимпиада жеңімпаздарын марапаттады
Тиісті құжатқа қол қойды
Президент Паралимпиада жүлдегерлерін және бапкерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Парижде өткен XVII жазғы Паралимпиада ойындарында жоғары жетістіктерге жеткен спортшылар мен атлеттердің жаттықтырушылары мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп мәлімдеді Ақорда.
Атап айтқанда, алтын медаль иегерлері Дегтярев Давид Мамиевич І дәрежелі «Барыс» орденімен, Науатбек Ақмарал Маратқызы ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды. Күміс медальға қол жеткізген Ғаббасов Еркін Тілеуғабылұлы, Жұмағали Нұрдәулет Мақсұтұлы және Шәмей Ерғали «Парасат» орденінің кавалерлері атанды. «Құрмет» орденімен Паралимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Мұқашбеков Дастан Мұратұлы, Райфова Зарина Райфқызы, Федосова Даяна Владимировна және Шүкірбеков Жұрқамырза Бақытұлы марапатталды, – делінген ақпаратта.
Ұлттық құрама бас бапкерлері мен спортшылардың жеке жаттықтырушыларының арасынан 5 азаматқа «Парасат» ордені, 7 адамға «Құрмет» ордені берілді. Сонымен қатар екі жаттықтырушы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрмет грамотасымен наградталды.