Қазақстан мен Дүниежүзілік туристік ұйым ауыл туризмін дамытуға келісті
Олар тиісті меморандум бекітті
Қазақстан мен Дүниежүзілік туристік ұйым (UNWTO) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында UNWTO бас хатшысы Зураб Пололикашвилимен кездесті, деп мәлімдеді Туризм және спорт министрлігі.
Ведомство басшысы Ойындар – мәдени алмасуды дамытуға және Қазақстанның әлемдік туристік аренада алға жылжуына ықпал ететін бірегей оқиға екенін атап өтті. Іс-шара барысында елге 100 мыңнан астам шетелдік және ішкі турист келеді деп күтіліп отыр. Бұл оқиға туризм саласындағы Қазақстанның беделін айтарлықтай нығайтады.
Ойындарды өткізу барысында қатысушылар мен көрермендер көшпелі халықтардың дәстүрі мен әдет-ғұрпының атмосферасын сезініп, мәдениеттердің алуан түрлілігіне деген сенім мен құрмет қалыптастыруға ықпал етеді. Мұндай іс-шаралар Қазақстанды халықаралық деңгейде ілгерілетуге жол ашады, - деді Ербол Мырзабосынов.
Министр білім берудің туристік индустрияға кадрлар даярлаудағы маңызды рөлін және Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің Дүниежүзілік туристік ұйымның аффилиирленген мүшесі ретіндегі үлесін атап өтті. Биыл университет 460 маман даярлап, олардың 146-сы жұмысқа орналасқан.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен UNWTO арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын бекітетін өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум туризмді цифрландыру, білім беру, инновациялар, инвестицияларды ілгерілету және ауылды жерлердегі туризмді дамыту саласындағы ынтымақтастықты қамтиды.