×

Грузия спортшылары Көшпенділер ойындарына жолға шықты

Ойындар ертең Астанада басталады

 Қымбат Елтайқызы 07.09.2024 | 16:06
фото: ҚР СІМ

Грузия спортшылары командасын 8-13 қыркүйек аралығында елордада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Барлығы 24 спортшыдан тұратын Грузия құрамасы қазақ күресі, мас-рестлинг, тоғызқұмалақ, құсбегілік пен асық ату сияқты спорт түрлеріне қатысады. Олардың ішінде екі дүркін әлем және Еуропа чемпиондары, халықаралық чемпионаттардың бірнеше дүркін жүлдегерлері бар, деп мәлімдеді еліміздің Сыртқы істер министрлігі.

Команданың басым бөлігін «Қазақ күресі» Грузия федерациясының балуандары құрайды. «Қазақ күресі» федерациясының президенті, Грузияның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Гиорги Читашвилидің айтуынша, қазіргі уақытта көптеген дәстүрлі күрес түрі синтезінің нәтижесі саналатын қазақ ұлттық күресіне шетелдіктердің қызығушылығы артқан.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу біз үшін үлкен мәртебе. Қазақстандық іс-шараның ұраны – «Ұлы дала дүбірі» қонақжай халықтың энергетикасын білдіреді, рухани көңіл-күйді дамытады әрі бізді жеңістерге шабыттандырады, – дейді қазақ күресінен Еуропа чемпионы Зураб Чагелишвили.

Еліміздің Грузиядағы елшісі Мәлік Мырзалин грузин спортшыларына жылы лебізін білдіріп, спорттық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңызын атап өтті. Командаға Грузияның Олимпиада комитеті, Қазақстан-Грузия экономикалық бірлестігі мен еліміздің Грузиядағы елшілігі қолдау көрсетті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама