Күрестен әлем чемпионаты: қазақ балуаны қолаға таласады
Біріншілік Испанияда өтіп жатыр
Күрестен әлем чемпионатында қазақ балуаны қола медальға таласады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Olympic.kz мәліметінше, Испанияда өтіп жатқан күрестен жастар арасындағы әлем біріншілігінде тағы бір қазақстандық балуан қола үшін белдеседі.
Еркін күрестен 57 келіге дейінгі салмақта бақ сынап жатқан Мықтыбек Үкіметұлы жұбаныш белдесуінде жеңіске жетті, – делінген ақпаратта.
Ширек финалда Мықтыбек ресейлік Лев Павловтан ұтылған болатын. Қарсыласы финалға дейін сүрінбей жеткен соң, қазақстандық балуан жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігін алды. Нәтижесінде, Үкіметұлы бразилиялық балуанды 7:2 есебімен жеңіп, турнирдің қола медалі үшін күресетін болды. Мықтыбектің кіші финалдағы қарсыласы – грузиялық Лука Гвинджилия.
Бұған қоса, бүгін Ризабек Айтмұхан 97 келі салмақта әлемдік турнирдің алтыны үшін күреседі.