Көшпенділер ойындарына қанша ат пен құс қатысады
Олардың қай жерде тұрақтайтыны да белгілі болды
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шамамен 560 спорттық ат пен 45-ке жуық құс қатысады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ойындарға қатысатын жануарларды орналастыруға арналған барлық орын қажетті ветеринариялық-санитарлық стандарттарға сай келеді. Бұл туралы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев мәлімдеді.
Көшпенділер ойындарына шамамен 560 спорттық ат қатысады. Олардың 114-і – ұлттық құраманың барлық спорт түріндегі аттары, 300-і – Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын командаларға жалға беруге алынып, дайындалған аттар, Қырғызстан, Моңғолия, ҚХР сияқты басқа елдерден өз аттарымен келе жатқан командалар бар. Ойындарға қатысатын жылқылар «Арғымақ» ат спорты кешенінде және «Қазанат» ипподромында орналастырылады, - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәжілісінде.
Ал дәстүрлі аңшылық өнер сайысына («Құсбегілік») 45-ке жуық құс қатысады. Бұл ұлттық құраманың құстары, сондай-ақ Моңғолия мен Қырғызстаннан қырандар, сұңқарлар мен қаршығалар келеді деп күтіліп отыр. Құстар Астаналық циркте орналастырылады.
Бұған дейін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қанша ерікті жұмыс істейтіні жайлы жазған едік.