Бір спортшы рекорд жаңартты
Париж Паралимпиадасында бірнеше қазақстандық спортшы жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Әмір Мұратбеков Паралимпиаданың финалына шықты. 100 метрге брасс әдісімен жүзуде SB11 санатында сынға түскен Мұратбеков іріктеу кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, 1:21.66 уақыт нәтижесімен финалға жолдама алды. Финал Астана уақытымен 21:01-де өтеді.
Сонымен қатар, Нұрдәулет Жұмағали финалға жолдама алды. Пара жүзуден SB13 санатында 100 метрге брасс әдісімен жүзуде Нұрдәулет Жұмағали финалға жолдама алды. Ол іріктеу кезеңінде 1:05.11 уақыт көрсеткішімен мәреге бірінші жетті. Сонымен қатар Нұрдәулет осы нәтижесімен Азия рекордын жаңартты, – деп қосты ведомство.
Бұған қоса, Альфия Тілекқабыл алғашқы белдесуінде жеңіске жетті. Пара дзюдодан 57 кг дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Альфия Тілекқабыл бірінші айналымда Молдова өкілі Ина Чернеймен белдесіп, қарсыласын иппонмен жеңді. Жерлесіміз келесі айналымда украиналық Анжела Гаврюсьюкпен кездеседі.
Сондай-ақ, Ақмарал Науатбек жартылай финалға өтті. Пара дзюдодан Париж татамиінде 48 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп жатқан Ақмарал алғашқы белдесуін жеңіспен бастады. Жерлесіміз бірінші кезеңде Үндістан спортшысы Кокиланы иппонмен жеңді.