Halyq Uni логотип
×

Тоқтар Әубәкіров Көшпенділер ойындарына қатысатын спортшыларға батасын берді

Қазір ұлттық құраманың дайындығы жүріп жатыр

 Халық үні 30.08.2024 | 12:20
Тоқтар Әубәкіров Көшпенділер ойындарына қатысатын спортшыларға батасын берді
Фото: Halyq Uni

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын ұлттық құрама спортшылары Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровпен және белгілі ат сыншысы, этнограф Бекен Қайратұлымен кездесті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұл шара спортшылардың кезекті күндізгі дайындықтарынан соң басталды. Сондай-ақ бұл кездесуге ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов және ҚР Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов қатысты. Rездесу барысында Тоқтар Әубәкіров спортшыларға сәттілік тілеп, батасын берді.

Қазақ халқы қашан да қайсарлығымен өз-өзін дәлелдеп келе жатыр. Өткен батырлардың жалғасы – мына сіздер. Ұлттық спорт қатардағы жай спорт емес. Соңғы жылдары мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұл салаға жақсы көңіл бөлініп жатыр. Мұның дәлелелі – осы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Біле білсеңдер бұл шараның бізде өтуінің өзі ұлттық спорттың жеңісі. Ендеше, қадамдарыңа сәттілік тілеймін. Жеңіс жалауын желбіретіңдер, - деді  Әубәкіров.

Сондай-ақ кездесуге келген этнограф Бекен Қайратұлы ұлттық құрама мүшелерін жалынды сөздерімен жігерлендірді.

Құрметті спортшылар, алдағы үлкен додада тек жеңіс тұғырынан көрініңіздер. Тартыс алаңында күш-қуаттарыңыз еселене түссін. Қарсыластарыңыздан оқ бойы озық болыңыздар, - деді Бекен Қайратұлы.

Аударыспақтан ұлттық құрама мүшесі Біржан Қосалиев дүбірлі дода алдындағы бұл кездесуді асыға күткенін жеткізді. Өйткені, ел ағаларының рухты сөздері жарыс алдында барша спортшы қауымның жігерін жани түседі дейді.

Қазақтың батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров атамыздың ақ батасын алдық. Ендігі мақсат – байрақты бәсекеде еліміздің көк туын желбіретіп, дүйім жұрттың үмітін ақтау - деді аударыспақтан ұлттық құрама спортшысы Біржан Қосалиев.

Айта кетейік, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама