×

Путинцева мен Рыбакина АҚШ турнирінде екінші айналымға өтті

US Open біріншілігінің кезекті нәтижесі шықты

 Қымбат Елтайқызы 28.08.2024 | 14:05
фото: olympic.kz

Юлия Путинцева мен Елена Рыбакина US Open туринирінде екінші айналымға жолдама алды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Olympic.kz мәліметінше, Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымына шықты. 

Қазақстандық теннисші бірінші айналымда австралиялық Дестани Айавамен сынға түсті. Бұл қос қарсыластың өзара алғашқы кездесуі еді. Бірінші партияда Рыбакина қос брейк жасап, айқын басымдылық көрсетті – 6:1.  Екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық спортшы брейкпен алға шыққанымен, ізінше өз геймін беріп қойды – 4:4. Есеп 5:6 болып, Елена доп бергенде, Айава үш сетболын пайдалана алмады. Содан кейін тай-брейкте Рыбакина сәтті ойнады – 7:6 (7:1), – делінген ақпаратта.

Елена Рыбакина АҚШ біріншілігінің үшінші айналымына шығу үшін франциялық Джессика Поншемен кездеседі

Тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева да АҚШ ашық чемпионатын жеңіспен бастады. Ол алғашқы айналымда әлемнің 25-ракеткасы, 19 жастағы чехиялық Линда Носкованы жеңді. 

Носкова өткен аптада Мексикадағы Монтеррей WTA 500 турнирінің чемпионы атанып, әлемдік рейтингіде 35-тен 25-ке көтеріліп, жеке рекордын орнатқан еді. Тартысты өрбіген бірінші партияда қазақстандық теннисші тай-брейкте таразы басын өзіне аударды – 7:6 (7:4). Екіншісінде 6:4 есебімен жеңісті түйіндеді, – деп қосты басылым.

Юлия Путинцева үшінші айналымға өту үшін әлемнің 40-ракеткасы, қытайлық Синьюй Ванмен кездеседі. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама