Санаулы күннен соң Паралимпиада басталады
XVII жазғы Паралимпиадаға қатысатын спортшыларымыздың алғашқы легі Парижге аттанды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бүгін волейболды отырып ойнау, пара үстел теннисі және пара жүзу құрамаларының спортшылары Францияға жол тартты, деп мәлімдеді Туризм және спорт министрлігі.
Париж Паралимпиадасына волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама 28 жылдан кейін алғаш рет қатыспақ. Ал пара үстел теннисінен Қазақстан құрамасы биыл алғаш рет жолдама жеңіп алды, – деп қосты ведомство.
Пара жүзу спортшылары арасында Лондон-2012 Паралимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллина, Токио Паралимпиадасының қола жүлдегері Нұрдәулет Жұмағали және халықаралық жарыстардың жүлдегерлері Сиязбек Дәлиев пен Амир Мұратбеков бар.
Қазақстан құрамасының спортшылары Париж додасына спорттың 9 түрінен 33 лицензия жеңіп алды. Жарыс 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді.