Құсбегілер Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр
Халықаралық додаға санаулы күн қалды
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында құсбегілер Ақмола облысында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Құсбегілік (саятшылық) федерациясының атқарушы директоры Базарбек Күнтуғанның айтуынша, еліміздің үздік құсбегілері Көшпенділер ойындарына деген дайындықтарын қыздыра түскен.
Щучинск қаласында тамыздың 12-сі мен 25-сі аралығында өтетін оқу-жаттығу жиынымызда 9 спортшы бүркіт, қаршыға және ителгі құстарымен жаттығып жатыр. Келесі оқу-жаттығу жиынымыз Астанада, 27-ші тамыз бен 7-ші қыркүйек аралығында болады, - деді Күнтуған.
Құсбегіліктен ұлттық құрама мүшелері дайындық барысы жайында айтып берді.
«Ойындарға дайындалып жатырмыз. Бар білгенімізді, мүмкіншілігімізді пайдаланамыз. Еуропадан, Моңғолия, Қырғызстаннан мықты қарсыластар келеді. Олар да барын салары анық», - дейді құсбегіліктен ұлттық құрама мүшесі Ибрагим Базарбаев.
Щучинск қаласында Көшпенділер ойындарына дайындық үстіндеміз. Қазір алдағы сайыстағы үш санат бойынша қатысатын үш бүркіт, үш ителгі, үш қаршығаны баптап жатырмыз. Олар жаз бойы түлекте болды. Енді етін тартып, жылдамдыққа дайындаймыз. Ал өзім додаға Алғыр атты бүркітпен қатысамын, - деді құсбегіліктен ұлттық құрама мүшесі Серікбек Күнтуғанұлы.
Ұлттық спорт қауымдастығының мәліметінше, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында құсбегіліктен (саятшылықтан) болатын сайыс қыркүйектің 12-13 аралығында этноауыл аумағында өтеді.
Республикалық «Құсбегілік» федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Бәйге», «Садақ ату», «Теңге ілу», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Көкпар», «Асық ату», JORYQ ат спорты және тағы басқа федерациялар бар. Ұлттық спорт қауымдастығын Исламбек Салжанов басқарады.
8-13 қыркүйекте Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Ойындардың бас демеушісі - ALAGEUM ELECTRIC, бас серіктесі - Halyk Bank. Халықаралық додада барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.