Жанар Өтешеваның сенімхат негізінде берілген өкілеттігі жойылды
Қазақстан Ұлттық Олимпиада Комитеті Бас хатшысының өкілеттігіне қатысты ресми мәлімдеме жарияланды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Olympic.kz мәліметінше, Қазақстан Ұлттық Олимпиада Комитеті президентінің бұйрығымен Бас хатшының сенімхат негізінде берілген өкілеттігі жойылды.
Одан бөлек, сенімінің жоғалуына байланысты Жанар Өтешеваны Бас хатшы ретінде Атқарушы комитет құрамынан шығару мәселесі Бас Ассамблея мүшелерінің қарауына шығарылады.
Бұған дейін Жанар Өтешева әлеуметтік желідегі парағында Олимпиада туралы ойын жазған болатын.
«...Өкінішке орай, біз Олимпиаданың құнын түсіріп, жоққа шығаруға құмармыз. Елдегі спорттың деңгейін тек алтынмен өлшейтініміз өте өкінішті. Тіпті өзекті өртейтін өкініш десем артық айтқандық емес. Олимпиадаға қатысушылардың табан ақы, маңдай терімен алған жүлдесін құнсыздандырып тастаймыз. Олимпиадаға бірнеше мәрте барғандарды да, алғаш рет қатысқандарды да аяп жатқанымыз жоқ. Ал еліміздегі спорттың деңгейін Олимпиаданың алтынымен есептеуді әдетке айналдырғанымыз қашан?!
Мен бұл туралы бұрын да айтқанмын. Әр Олимпиада өткен сайын айтудан жалықпаймын. Естеріңізде болсын, еліміздегі спорттың деңгейі медаль санымен өлшенбейді. Анығында, балаларға тұрғылықты жері мен ата-анасының табысына қарамастан, өзінің сүйікті спорт түрімен айналысатындай мүмкіндік жасағанда ғана, біз нағыз, шынайы жетістіктер туралы айта аламыз.
Мектеп қабырғасынан, тіпті балабақшадан қолға алған жағдайда үлкен мүмкіндіктерге, жетістіктерге сөзсіз жетеміз. Тағы да қайталап айтамын, тіпті, 5 алтын, мейлі 7 алтын алсақ та, балалар спортына барынша жағдай жасалмайынша, спортымыз қарыштап дамиды деп айта алмаймыз. Өйткені, қанша жерден «жан алысып, жан беріссек те» чемпиондарды бала кезден дайындамайынша, бәрі бекер...», – деді Бас хатшы.