Халықаралық додаға санаулы күн қалды
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 35 елінен келетін үздік садақ атушылар қазақстандық өнімді пайдаланады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Астанада өтетін ойындарға санаулы күн қалды. Бүгінгі таңда ұлттық құрама спортшылары анықталып, қатысушының барлығы дерлік дүбірлі додаға сақадай сай, деп мәлімдеді Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы.
Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама бас бапкері Диас Ахметовтің айтуынша, садақ ату спорт түрі бойынша елімізге 35 мемлекеттен 200-ден аса спортшы келеді.
Біздің садақ атушыларға Түркия, Қырғыстан, Моңғолияның мергендері бәсеке тудырары анық. Франция, Италия, Испания, Қытай, Тайланд, Ираннан келетін спортшылар да өте мықты. Дегенмен, біздің спортшылар да осал емес. Жүлдеден үміттіміз», - дейді бас бапкер.
«Осы уақытқа дейін ұлттық құрама құрал-жабдықтардың басым бөлігін Түркия, Мажарстан, Ресейден тапсырыс беріп алдыртатын. Кейінгі жылдары еліміздегі өндіріс те жолға қойыла бастады. Алдағы Көшпенділер ойынына отандық өнім «Алтын жебе» атты цехтың шығарған оқтарын қолданамыз. Сол үшін халықаралық стандарттарға сай жасалған 2000-нан аса оқ дайындап қойдық», - дейді дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшесі Ербол Тәпенов.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында дәстүрлі садақ атудан ел намысын 10 спортшы қорғайды. Ұлттық құрама мүшелері де дайындық барысында отандық өнімді пайдаланып, жаттығуларын пысықтап жатыр.