Биыл Жетісуда 6 спорт кешені бой көтереді

Қымбат Елтайқызы

Олар арнайы технологиямен салынбақ

фото: Жетісу облысының әкімдігі

Жетісуда жылдың соңына дейін 6 блокты-модульді спорт кешені ашылады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жетісу облысында спорт саласының инфрақұрылымын дамыту бағытында, әсіресе ауылдық жерлерде блокты-модульді конструкциялар кеңінен пайдаланылып келеді. Өткен жылы осындай 4 блокты-модульді спорт кешені салынса, биыл тағы 6 нысан тұрғызу жоспарланған, деп мәлімдеді облыстық әкімдік.

Өңірде медициналық және ветеринариялық пунктерді, сондай-ақ мәдениет объектілерін салу кезінде қолданылып жүрген блокты-модульді конструкцияларды пайдаланудың оң тәжірибесі былтырдан бастап спорт саласына да енгізілді. Мәселен, Спорт күніне орай Қаратал Тастөбе ауылында жаңа блокты-модульді спорт кешені ашылса, осындай нысандар Кербұлақ ауданының Қызылжар, Алакөл ауданының Қарабұлақ ауылдарында және Ескелді ауданындағы Шымыр, Жетісу, Елтай ауылдарында салынып жатыр.

Ескелді ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Асхат Оразалиновтің айтуынша, бүгінде ауданда 4 спорт нысаны жұмыс істейді. Оларда балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 1200-ге жуық тәрбиеленушісі спортпен айналысады. Ал жаңа блокты-модульді спорт кешендерінің салынуы халықты бұқаралық спортқа көптеп тартуға мүмкіндік тудырып отыр.  

Жаңа спорт объектілерінің салынуы – біз үшін үлкен қуаныш. Жас кезімізде мұндай заманауи нысанды армандамаған да едік. Қазіргі жастарға жасалып жатқан мүмкіндіктерге қарап, көңілің қуанады. Балаларымыз, немерелеріміз енді осы кешенде бос уақыттарын тиімді өткізіп, спортпен еркін шұғылдана алады. Бұл болашақта Елдос Сметов сияқты Олимпиада чемпиондарын даярлайтын мықты базаға айналады деп сенемін, - деді Шымыр ауылының ақсақалы Марат Қашкенов.

Ескелді ауданындағы екі қабатты жаңа блокты-модульді спорт кешендерінің бірінші қабатында мини-футбол, волейбол, баскетбол сияқты командалық ойындарға арналған залдар орналасса, екінші қабатында бокс, күрес және басқа да спорт түрлеріне арналған залдар қарастырылады. Сонымен қатар спорт залдары, душ бөлмелері, киім ауыстыратын бөлмелер және басқа да қажетті орындар жобаланған. Ғимараттардың әрқайсысының ауданы 720 ш.м., ойын залдарының алаңы – 500 ш.м.

Жалпы, облыста осы жылға жоспарланған 6 спорт нысанының 1-еуі қолданысқа берілді, қалған бесеуінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, іске қосылады деп межеленіп отыр.