Қазақстандық теннисші халықаралық турнирде топ жарды

Қымбат Елтайқызы

Бірнеше жас спортшы жақсы нәтиже көрсетіпті

фото: Halyq Uni

Польшаның Краков қаласында теннистен жасөспірімдер арасында ITF J100 турнирі аяқталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Olympic.kz мәліметінше, аталған сында қазақстандық Дамир Жалғасбай үздік шықты.

Дамир финалда венгриялық Колос Кинчесті 6:3, 6:4 есебімен ұтып, чемпион атанды. Бұл – оның спорттық жолындағы екінші, биылғы бірінші титулы, – делінген ақпаратта.

Сондай-ақ қазақстандық жасөспірімдер 12 және 14 жасқа дейінгілер арасындағы Tennis Europe және ATF жарыстарында да жақсы табысқа қол жеткізді. 

Черногорияда екінші санаттағы ТЕ додасында жұптық сында Айым Қанағатова румыниялық Мария Чичумен бірге соңғы бәсекеде Кристина Шегай (Қазақстан) – Висня Митичті (Сербия) тізе бүктірді – 6:2, 6:2. 

Бакудегі АТF жарысында қазақстандықтар озық шықты. Финалда жекелей сында қыздар арасында Алиса Королева үндістандық Яхнави Таменедиді жеңді – 6:1, 2:6, 6:3.

Асқар Әмір жекелей сында чемпиондық атақ үшін бәсекеде тағы бір үндістандық Пунит Монохарға есе жіберді – 6:7, 1:6. Дегенмен Асқар жұптық сында сол Пунитпен бірге финалда Сухаль Фарухи (Иордания) – Ахмад Саруджиді (Сауд Арабиясы) ойсырата ұтты – 6:1, 6:1.