×

Америкалық көкпаршының ерекше жаттығуы қазақстандықтарды таңғалдырды (ВИДЕО)

Спортшының бейнебаспасы жұрт назарына ілікті

 Қымбат Елтайқызы 20.08.2024 | 11:15
фото: Ұлттық спорт қауымдастығы

Америкалық көкпаршы Ник Уиллерттің осы күзде Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы көкпар сайысына дайындығы әлеуметтік желіде көптің назарына түсті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Көкпаршы дайындық барысында серкенің орнына гір тасын пайдаланып, ал жылқыны қолдан жасалған ағаш атқа алмастырған. Бейнетаспа Ұлттық спорт қауымдастығының Instagram және Tik Tok  әлеуметтік желілеріне жарияланған еді. Видео 150 мыңнан астам қаралым жинап, көпшілік назарына ілікті. Желі қолданушылары көкпаршыны қолдап, сәттілік тіледі, деп мәлімдеді Ұлттық спорт қауымдастығы.

Ник Уиллерт – көкпардан АҚШ құрамасының спортшысы, осы күзде елордада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпар және аударыспақ (ат үстіндегі күрес) спорты бойынша бақ сынамақ. Сонымен қатар, Уиллерт көкпардан басқа шаңғы, серфинг және ММА спортымен шұғылданады.

2018 жылы АҚШ құрамасының қатарында көкбөрі спортына және ат үстіндегі күреске қатысқан алғашқы америкалық болдым. Ал Көшпенділер ойындарында кәсіби спортшылармен бәсекеге түсу мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын. Мінекей, менің Қазақстанға барсам деген арманым орындалмақ. Талай уақыттан бері бұл мекенге саяхаттауды жоспарлап едім, енді осы мүмкіндік үшін алғыс айтқым келеді. Әрине, көпшілік АҚШ спортшыларын көкпар мен ат үстіндегі күресте оңай қарсылас санауы мүмкін. Десе де, бар мүмкіншілігімізді көрсетіп, деңгейіміздің өскенін дәлелдей аламыз деп ойлаймын, - деді спортшы.

Америкалық көкпаршы бұған дейін 2018 жылғы Ойындарда және 2020 жылы көкбөрі спортынан чемпионатта өнер көрсетіп үлгерген.

Көкпар бәсекесі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында 9-12 қыркүйек аралығында «Қазанат» ипподромында өтеді.

Республикалық «Көкпар» федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді.  Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Бәйге», «Садақ ату», «Теңге ілу», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату», JORYQ ат спорты және тағы басқа федерациялар бар. Ұлттық спорт қауымдастығын Исламбек Салжанов басқарады.

8-13 қыркүйекте Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Көшпенділер ойындарының бас демеушісі - ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың бас серіктесі - Halyk Bank. Халықаралық додада барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама