Қазақстандық көкпаршылар көкбөрі ойынына дайындалып жатыр
Жеңіс үшін барлық мүмкіндігімізді пайдаланамыз, дейді бапкер
Алдағы қыркүйекте Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында қазақстандық көкпаршылар Алматы облысында көкпар және көкбөрі ойындары бойынша оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
ДКО аясында көкпар және көкбөрі ойындары өтеді. Қазір спортшылардың дайындықтары жақсы. Басты қарсылас ретінде Қырғызстан мен Өзбекстанды айтар едім. Егер біз көкпардан жеңісімізге сенімді болсақ, көкбөрі ойынынан мүмкіндіктеріміз тең дәрежеде. Біраз жылдан бері көкбөрі ойнаған жоқпыз. Десе де, жеңіс үшін барлық мүмкіндігімізді пайдаланамыз, – деді көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев.
Көкпардан ұлттық құрама мүшесі Наурызбай Қалтаев байрақты бәсекеге дайындық жайлы және көкпар мен көкбөрінің айырмашылықтары турасында айтып берді.
«5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына деген дайындығымыз жоғары деңгейде өтіп жатыр. Екі спорттың айырмашылығы тайм санында – көкбөріде үш тайм ойналады, ал көкпарда екеу. Көкбөріде қазандыққа, ал көкпар жерге сызылған шеңберде ойналады», - деді Қалтаев.
Ұлттық спорт қауымдастығының мәліметінше, көкбөрі сайысы бойынша әр командадан 12 қатысушы болады. Спортшылардың дайындығы үшін Көкпар федерациясы тәжірбиелі кеңесшілерді тартқан. Оқу-жаттығу жиындары Туризм және спорт министрлігінің Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Республикалық «Көкпар» федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Аударыспақ», «Бәйге», «Теңге ілу», «Садақ ату», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату», JORYQ ат спорты және т.б. федерациялар бар. Ұлттық спорт қауымдастығын Исламбек Салжанов басқарады.
8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Ойындардың бас демеушісі - ALAGEUM ELECTRIC, бас серіктесі - Halyk Bank. Көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.