«Жоғары жалақы, қымбат көлік, бірақ нәтиже нашар». Қазақстандықтар Олимпиада қорытындысы туралы
2019-2023 жылдары спорт саласына 300 млрд теңге бөлінген
Париж-2024 Жазғы Олимпиада ойындарынан соң спортшылардың көросеткен нәтижесі бойынша сарапшылар түрлі пайымын ұсынып жатыр. Halyq Uni солардың бірер нұсқасын назарларыңызға ұсынуды жөн көрді.
«ПАРИЖ-2024: ҚАНДАЙ ДА БІР ІЛГЕРІЛЕУШІЛІК БАР»
Жекпе-жектен белгілі спорт шебері әрі спорт комментаторы Айдар Махметов өз сараптамасын ұсынған. Ол Қазақстанның Париж Олимпиадасындағы көрсеткішін жетістік ретінде санайды. Өйткені, оның сөзінше, сарапшылар кез келген елдің алдағы Олимпиададағы жетістігіне сол елдің екі Олимпиада арасындағы (Олимпиада циклі) олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионаттарындағы медальдарына қарап болжам жасайды. Ал бізде қалай болды? Олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионаттарында 2021 жылы барлығы 1 алтын, 2 күміс, 1 қола алған. 2022 жылы барлығы 5 қола болса, 2023 жылы барлығы – 2 алтын, 1 күміс, 3 қоланы иеленген.
Қазақстанның Париждегі жетістігі 2023 жылғы Олимпиада алдындағы әлем чемпионаттарының нәтижелерімен үйлеседі және 2022 және 2021 жылдарға қарағанда жақсырақ. Токио-2020-ға қарағанда жетістігіміз екі есе жоғары әрі Афины-2004 деңгейінде нәтиже көрсеттік. Сондықтан қандай да бір ілгерілеушілік бар. Әлбетте, боксшыларымыздан көп нәрсе күттік. Бірақ олар туралы кейінірек бөлек пост болады, – дейді Айдар Махметов.
БАС ЖАТТЫҚТЫРУШЫ ОТСТАВКАҒА КЕТУІ КЕРЕК
Ал боксшылардың нәтижесіне қатысты INTOSAI жоғары аудит органдары халықаралық ұйымының сарапшысы Қамбар Омаров аудиторлық көзқарасын білдірді. Оның сөзінше, боксшыларымызға керемет жағдай жасалған: жоғары жалақы алады, қымбат жапон және неміс көліктерін мінеді. Мемлекет өз миссиясын орындап отыр. Бірақ соған қарамастан, өкініштісі, олардың көзінде жеңіске деген құштарлық көрінбейді.
Айта кетерлігі, осыған дейінгі олимпиадаларда негізгі үміт боксшыларда болған. «Атланта-1996»-дан бастап алтынсыз оралмады. Алдыңғы 7 Олимпиададағы 14 алтынның жартысы боксшыларға тиесілі. Бүкіл Олимпиададағы медальдардың үштен бірін, яғни, 71 жүлденің 24-ін боксшылар әкелген. Яғни, медальдық есепте бокс үлесі әрдайым басым болып келген.
фото: ҰОК/Сали Сабиров
Сондықтан негізгі деген бірнеше сұраққа жауап беріп көрген:
1. Бюджет көлемі бойынша: мемлекет боксқа жеткілікті қаражат бөледі. Олимпиадалық спорт түрлерін мемлекет басым тәртіппен қаржыландырады.
2. Басқару жүйесі бойынша: министрлік пен федерация боксшыларды даярлауға тиімді қызмет ету үшін барлық жағдайды жасап отыр. Боксшылар бүкіл олимпиадалық циклда барлық лицензиялық турнир мен чемпионатқа қатысуға мүмкіндік алды.
3. Төрелік объективті болды ма? Сыбайлас жемқорлық факторы бар ма? Мәселе екіұшты, бірақ жалпы төрешілік объективті болды, біздің спортшыларымызды ешкім Азиададағыдай аяқтан шалған жоқ. Жеңілгеннің бәрі объективті түрде плюс/минус көрсеткішпен тең болды немесе әділ жеңілді. Сондықтан бұл факторды есепке алу мүмкін емес, өйткені біз төрешілердің бірде-бір даулы немесе резонанстық шешімін көрмедік.
4. Екі жүлде көп пе, аз ба? Аудит үшін алдымен қандай болжамдар болғанын білу керек. Көптеген сарапшының пікірінше, Қазақстан 1-2 алтын, сондай-ақ, біраз күміс пен қола алуға тиіс еді. Бас бапкердің өзі кемі 3 медальға (алтын, күміс және қола) үміт артты. Бірақ ақырында Федерация басшылығының өзі ұлттық құраманың нәтижесіне сын көзбен қарады.
5. Лицензиялары ұқсас елдермен салыстырсақ, Қазақстан ең үлкен құрамалардың бірі болды. Команданың 10 мүшесінің жетеуі жігіт (максималды), үшеуі қыздар. Тек Австралия (12) мен Өзбекстан (11) ғана көбірек.
Сондықтан, тұтастай алғанда, мемлекеттің боксшыларға жасаған ең қолайлы жағдайлары: ресурстар, мемлекеттік қолдау, инфрақұрылымды айтқанда, одан шыққан нәтиже инвестицияланған ресурстарға сәйкес келмейді деген байламға келген. Бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған. Мұндай мәселелерді Үкімет деңгейінде көтеру керек.
Менің ойымша, бокстан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы федерацияға қысқа мерзімде қажетті реформа жүргізуге мүмкіндік беру үшін отставкаға кетуі керек. Федерацияның жаңа басшылығының бұған толық моральдық құқы бар. Сондай-ақ олимпиадалық деңгейдегі боксшыларды даярлау жүйесін толық трансформациялап, федерация мен өңірлердің жұмысын қайта қарау қажет, – дейді ол.
«АТА-АНАЛАР БАР ШЫҒЫНЫН ӨЗІ АРҚАЛАЙДЫ»
Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуковтың пікірінше, Олимпиададағы нашар көрсеткіш елдегі түбегейлі шешілуге тиіс мәселелерде жатыр. Оның айтуынша, өңірлерде, ауылдарда жағдай жасап, спорт ғимараттарын салып және олар тегін әрі қолжетімді болуы керек. Қазір осындай қиындыққа тап болып отырмыз. Мәселен, синхронды жүзу мен мәнерлеп сырғанауда ата-аналар бар шығынын өздері арқалайды. Бұл табиғи байлығы бар ел үшін бұл масқара деген пікірде.
Екінші жағынан, спорт саласының қазіргі басшылығына, федерацияға ауыр жүк түскен. Өйткені, былтыр спортшыларымыздың қанша жолдама ұтып алатынына қатысты болжам көңіл көншітпеген.
Кәсіби спортшы ретінде өз басым ары кетсе 50 жолдама болар деп ойлағам. Барлығы түгел кереғар болжам жасады. Алайда биыл артығымен ұтып алып, 92-ге жеткіздік. Болжам расталмады, Сметов алтын алды. Токио Олимпиадасындағы 8 қолаға қарағанда, әлдеқайда ілгері жылжыдық, – дейді Ислам Байрамуков.
Оның ойынша, қазіргі спорттағы жетістіктерді экономиканың, технологияның, индустрияландырудың дамуымен, өмір сүру деңгейімен байланыстыру қажет. Себебі, спорт айналып келгенде осының бәріне тәуелді. Қытай мен АҚШ сынды жетекші державалар 100-ден аса жүлде алады. Қытай тіпті, Бейжің Олимпиадасында 50 алтынмен рекорд орнатқан.
Осы айтылған елдердің спортшыларына қараңызшы, физиологиялық ерекшелігі қандай?! Денсаулығы мығым, шаршамайды. Олар 21 ғасырдың технологиясы мен ғылымын қолданады, бізге сол жетіспейді. Біздің жігіттер психологиялық қысымға шыдамай қалады да ақыры нәтижесі осылай болады, – дейді ол.
Айта кетйік, ресми мәлімет бойынша, 2019-2023 жылдар аралығында елімізде спортты дамытуға шамамен 300 млрд теңге бөлінген. Оның 62 млрд-ы республикалық бюджеттен, шамамен 29,5 млрд теңгесі «Спорт қорынан» және жергілікті әкімдіктерден 200 млрд бөлінген. Париж Олимпиадасынан кейінгі спортшыларымыздың көңіл көншітпейтін нәтижелерінен соң ел арасында осы қаражатқа қатысты қызу талқы жүріп жатыр.