Halyq Uni логотип
×

«Үкімет қоқыс деп қарайды». Елордалық кәсіпкер көгерген наннан мал азығын жасап жатыр

Кәсіпкер халықтан қоқысты сұрыптап тастауды сұрайды

 Айнұр Шошаева 30.09.2022 | 10:17
«Үкімет қоқыс деп қарайды». Елордалық кәсіпкер көгерген наннан мал азығын жасап жатыр
Фото: Halyq Uni

Астана тұрғындары екі күнде 1 тоннадан астам нан қалдығын қоқысқа тастайды. Елордалық кәсіпкер ол қалдықты жинап, үй жануарларына арналған жем дайындап сатады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Кәсіпкер Руслан Убиниязов спорт саласында жұмыс істеген, үш жылдан бері нан қалдығын өңдеуді зерттеп жүр. Айтуынша, әлемде нан қалдығын сұрыптап жинау жиі кездесетін тәжірибе. Алайда одан мал азығын шығаратындар кемде-кем. 

«Мұндай тәжірие әлемде бар, мысалы Түркия мен Кореяда бөлек жинайды. Қазақстанның батыс өңірінде қуаңшылық болып, мал азығы жетіспей жатқанын көрдім. Соны көрген соң мықтап кірісуге бел будым. Себебі астанада нан қалдығы өте көп. Бізде үнемі нан салынған пакеттің қоқыс контейнеріне ілініп тұратынын көруге болады», – дейді ол. 

Айтуынша, қажетті құрал-жабдықтарды табу қиын болған. Көгерген нанды залалсыздандырып, жем жасайтын құрылғы табылмаған соң, нобайын сызып Қостанайда тапсырыспен жасатыпты. 

Екі жыл бойы  зерттеп, нақты шешімін таба алмай жүріп қалдық. Жем жасап шығарамыз, 15-20 күннен кейін ол қайтадан көгеріп кетеді немесе құнарын жоғалтады. Одан кейін кезекті тәжірибе жасағанда үш айдан кейін мал оны жемей қойды. Біртіндеп тәжірибе жасай келе жетілдірдік, әлі де жасап жатырмыз. Биыл өндірісті толық бастадық. Көктемде кезекті сынақ күткен нәтижені көрсетті, – дейді кәсіпкер. 

Қазір елорданың көп жерінен нан мен ұннан жасалған өнімдерді салуға арналған бөшкелерді кездестіруге болады. Руслан Убаниязовтың айтуынша, Астана аумағына 1500-ден астам бөшке орнатылған. Оның әрқайсына 27 мың теңге кеткенін айтады.  

«Қиындық көп, халық түсінбейді. Қоқыс контейнерлерін дайындап, сыртына тек нан қалдықтарын қабылдайтынымызды жазып қоямыз. Контейнерді қою үшін ПИК-терге айтамыз, тұрғындар отыратын чаттарға жазамыз. Орнатқан соң 1-2 аптадан 3 айға дейін бақылаймыз. Контейнер сынып қалуы мүмкін. Басты қиындық қаржы мен жұмысшылар тапшылығына байланысты болып отыр. Тұрғындар бөшкеге нанмен араластырып гигиеналық заттардың  қалдықтары мен басқа да қоқыстарды салады. Сол себепті келген жұмысшылар кетіп қалады. Нешетүрлі нәрселерді көрген соң жиеркенеді», – дейді ол. 

Қазір оның қарамағында 13 жұмысшысы бар. Өндіріс қуатын арттырып, 35-ке дейін жеткізуге болады деп есептейді. Әзірге наннан жасалған жемді елорда мен қала маңындағы 10-15 бас мал өсіріп отырған шағын шаруашылықтар алып отыр.  

Егер Үкімет қолдау көрсетсе, бұл – рентабельді кәсіп. Үкімет жыл сайын ауыл шаруашылығына, оның ішінде жем-шөпке миллиардтап субсидия бөледі. Субсидия бергенде Қазақстанда өндірілген осындай жемді алу туралы талап қойса, өндірушілер үшін зор көмек болар еді. Жалпы бұл кәсіпті бастағанда мемлекеттен қолдау болған жоқ. Тек ағам мен жолдастарым көмектесті. Субсидия алуға өтініш беріп көрдім. Бірақ біз пайдаланып отырған шикізат тұрмыстық қатты қалдыққа жатқаннан кейін оған субсидия қарастырылмаған екен. Нанды ас атасы дейміз. Ең өкініштісі осыны жиі айтқанымызбен, Үкімет оған тек қоқыс деп қарайды. Қынжылтатыны сол. Билікте отырғандар нан жемей ме әлде оның не екенін білмей ме? Түсінгенім нан ешқандай құндылығы жоқ қоқыс, – деп қосты кәсіпкер. 

Айта кетейік, соңғы бір жылда Қазақстанда нан бағасы едәуір қымбаттады. Алайда бұдан қоқысқа тасталып жатқан нан азайған жоқ деп отыр. 

«Нанның азайғанын байқаған жоқпыз. Әр нүктені екі күн сайын жинаймыз. Азайғанын байқасақ 3 күн сайын барар едік. Керісінше кейбір жерге күн сайын баруға тура келеді. Өйткені бөшкелер толып қалады.  Мен осы істі бастағанда нан бағасы 85-90 теңге болатын, қазір екі есе өсті. Сонда да азаймады. Наннан басқа тоқаш, макарон, ұнды салады. Күн сайын бір маршрут күн сайын 80 нүктеге дейін тазалап өтеді. Одан 500-700 кг аралығында нан шығады. Қатқан, көгерген нан әдетте пакетте болады. сұрыптап, 2-3 күн сайын 50-70 кг пакетті пластик зауытына тапсырып отырамыз. Қазір елдегі басты проблема полиэтилен пакетін утилизациялау ғой, соның 1 пайызын болса да жинап беріп келеміз», – дейді Руслан. 

Руслан Убиниязов бүған дейні спорт саласында жұмыс істеген. Жаңа кәсіпті бастау үшін 150 млн теңге қаржы салғанын айтты. Қазір өнімнің әр келісін 100-130 теңге аралығында сатады. Бірақ ол шығынды жаппайды деп отыр. 

«Шынымды айтайын, мен қазір бұл кәсіптен пайда көріп отырған жоқпын. Халықтың санасына сіңдіріп, өніммен таныстыру үшін әзірше жемнің бағасын келісіне 100-130 теңге аралығында қойдым. Кебек, сұлы, арпа және тағы басқа қоспалар араластарып сатам. Стандартты жемнің келісін (қоспасыз) 100 теңгеден сатып жатырмыз, оны қой, жылқы, барлық малға беруге болады. Егер бордақылау үшін қажет десе, қоспамен арнайы дайындап береміз. Ал барлық шығынды қосып есептегенде өнімнің бағасы 160-170 теңге болуы керек», – деді спикер. 

Оның пікірінше, аталған кәсіпті ел аумағында жаппай іске қосса Қазақстандағы жем қажеттілігінің 20 пайызын жабуға болады. Мәселен, бір астананың өзінде күн сайын қоқысқа тастаған қалдықтан 4 тонна таза нан ұнтағын шығаруға болады. Қосымша қоспалармен бірге есептегенде бұл 9 тонна жемге айналады. 

Кейбір адамдар өздері көріп, үйреніп, ашуға ниет білдіреді. Маңғыстау, Атырау жақтан көп хабарласады. Келіп те көргендері бар. Бізге келіп, 2-3 күн көрген соң «болмайды, біздің тірлік емес» деп кетіп қалады. Жұмыстың қиындығы мен кететін қаржыны көрген соң айнып қалады. Өйткені күнделікті түсетін пайда кететін шығынды ақтамайды. Қазақстанда әзірше мұндай өндіріс жоқ. Қостанай мен Алматыда істей бастады, бірақ қазір тоқтап қалды. Айналып келгенде қаржыға тіреледі. Не халықтан, не үкіметтен қайран жоқ, – дейді кәсіпкер. 

Қатқан наннан бөлек, бүгінде кәсіпкер тұрғындар қоқысқа тастайтын еттің наны мен малдың сүйегін қайта өңдеу мәселесін зерттеп жатыр. Зерттеу күткен нәтиже берсе, оны өндіріске айналдырып, табыс табу жоспары бар. 

«Қазіргі күні мейрамхана мен дәмханаларда еттің наны көп қалады. Сол нанды қайта өңдеп, жем шығарсам деп зерттеп жатырмын. Одан бөлек, еттің нанынан гүл отырғызатын топыраққа тынайтқыш жасауға болады. Сондай-ақ елімізде мал жиі сойылады, бірақ оның басын көбі ала бермейді. Сиырдың сирағы мен тауықтың басын да ешкім жемейді, нәтижесінде қоқысқа кетеді. Экологияға орасан зор залал келеді. Қолдау болса сол сүйектерден ұн жасағым келеді. Ол өнім мал бордақылау үшін пайдалы, себебі оның құрамында 50 пайызға дейін протеин болады», – деп қорытындылады Руслан Убиниязов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама