10% салық орнына 1% ғана төлеуге болады: Пәтерді заң жүзінде жалға берудің пайдасы жайлы
2021 жылы пәтерді жалға берушілер 262 млн теңге салық төледі
Қазақстанда тұрғын үйді жалға беру кезіндегі салық міндеттемелерін орындаудың бірнеше тәсілі бар, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына сәйкес, тұрғын үйді жалға беру үшін республикалық және облыстық маңызы бар қалалар мен астана тұрғындары айына 1 АЕК, қалған елді мекендердің тұрғындары 0,5 АЕК мөлшерінде бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеуі тиіс.
Биыл 265 007 жеке тұлға бірыңғай жиынтық төлемді төлеп, одан мемлекетке 357,1 млн теңге түскен. Ал Қазақстанға ресейліктер жаппай келе бастаған бір аптаның ішінде, яғни 21 қыркүйектен бастап бұл төлемді 3 938 адам төлеген.
Алайда БЖТ төлеген адам тұрғын үйді жалға береді деген сөз емес. Бұл төлемді пәтер жалға беруден басқа мақсатта да төлеген болуы мүмкін.
ПӘТЕРДІ РЕСМИ ЖАЛҒА БЕРГЕН КЕЗДЕ 10% САЛЫҚ ТӨЛЕМЕУГЕ ДЕ БОЛАДЫ
Қазір елімізде пәтерін жалға берушілер 240.00 формасы бойынша жеке табыс салығына декларация тапсырады. Айта кетейік, салық мөлшерлемесі табыстың 10% құрайды. Аталған декларацияны «E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы арқылы немесе Салық төлеушінің кабинеті арқылы тапсыруға болады.
2021 жылы ЖТС декларациясы бойынша 1 528 жеке тұлғаның мүлікті жалға беруден түскен табысынан 262 млн теңге салық төленді. Кірістер мен мүлік туралы декларацияда кірістердің түрлері бойынша таратып жазу көзделмеген, – деді ведомство.
Жалпы, елімізде пәтерін жалға берушілер арнаулы салық режимін пайдалана алады. Бұл ретте патент пен «E-Salyq Вusiness» қосымшасын пайдаланған кезде табыстың 10% салықтың орнына 1%, оңайлатылған декларация бойынша 3% ғана төленеді.
Бүгінде елдегі тұрғын үйді жалға беру қызметімен айналысатын 83 695 жеке кәсіпкерлік бар. Оның ішінде жыл басынан бері 14 478 кәсіпкерлік, соңғы бір аптада 520 ЖК тіркелді. Бұл ретте, өткен айдың ұқсас кезеңінде қызметтің осындай түрімен айналысуға 371 кәсіпкерлік тіркелді, осылайша бір айдағы өсу қарқыны 140%-ды құрап отыр.
«Биылғы жылдың 8 айында тұрғын үйді жалға беріп, салық төлемей жүрген 3 755 жеке тұлға жеке кәсіпкер ретінде есепке қойылды», – деп толықтырды Мемлекеттік кірістер комитеті.
БАСПАНА НАРЫҒЫНДАҒЫ ДҮРБЕЛЕҢ УАҚЫТША
Еске сала кетейік, Ресейдегі ішінара әскери мобилизация басталғаны Қазақстандағы тұрғын үй нарығындағы баға бірнеше есе көтеріліп кетті. Соңғы күндері қазақстандықтар баспана бағасының көтерілгеніне шағымдана бастады. Тұрғын үй сарапшысы Анна Шацкаяның айтуынша, Қазақстанның Ресеймен шекаралас қалалары мен Астана, Алматыда жалдамалы пәтер бағасы бірден 30 пайызға дейін қымбаттап кеткен. Алайда, сарапшы бұл дүрбелең тек уақытша болады деп есептейді.
«Бұл дүрбелең уақытша деп ойлаймын, өйткені көптеген ресейліктер бізді транзит ретінде қарастырады немесе елімізге шамалы уақытқа келді. Шетелдіктер үшін тұрақты тұру, оның үстіне қазақстандық азаматтықты алу оңай емес. Келіп жатқандардың тек аз бөлігі ғана тұра алады. Сонымен қатар ресейлік жаңалықтарда әскери жұмылдыруға жататын азаматтар Ресейден шығарылмайтындығы туралы ақпарат пайда болды. Менің ойымша, бұл көп ұзамай ол ел өз азаматтарына талапты қатаңдата түседі», – дейді ол.
Сондай-ақ сарапшы жалдамалы пәтермен бірге сатылатын пәтердің бағасы да уақытша құбылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Тұрғын үйді жалға беру және сату сегменттері өзара тығыз байланысты. Күзгі айларда тұрғын үй сату мен бағаның өсуі мүмкін. Бұл құбылыс уақытша сипатқа ие болады, өйткені бізде әлі қол жетімді ипотекалық бағдарламалар жоқ, ал азаматтардың нақты кірісі жоғары инфляцияға байланысты төмендеп жатыр, – деп қосты Шацкая.
Қазір тұрғын үйді жалға алып жатқан ресейліктердің оны ұзақмерзімді төлеп тұра алатынына күмән келтіретін қазақстандықтар бар. Сарапшы осыған қатысты өз ойын білдірді.
«Пәтер ақысын төлемей қашып кетуі мүмкін дегенге келер болсақ, тек ресейліктер ғана емес, қазақстандықтар да төлемей кетуі мүмкін. Біздің жалдау нарығының 90% заң жүзінде тіркелмеген. Сол үшін екі тарап та тәуекелге барады. Мәселен, жалға беруші кез-келген уақытта шығарып тастай алады, ал жалға алушы алдын ала ескертпей немесе аренда ақысын төлей алмай кетуі мүмкін. Тараптар мұндай тәуекелдердің алдын алып, барлық құқықтар мен міндеттері белгіленетін жалдау шартын жасау арқылы қорғай алады», – деп толықтырды сарапшы.