Ипотекалық бағдарламалардың жабылуы пәтер бағасын тұрақтандыруға тиіс - сарапшы
Риэлтор Ғалым Ысқақов алдағы айлардағы тұрғын үй бағасына қатысты болжамын айтты
«Этажи» жылжымайтын мүлік агенттігінің сараптамасы бойынша, пәтер нарығында тек елорданың өзінде едәуір өзгеріс бар. Айталық, 2020 жылдың қаңтары мен 2021 жылғы қараша айы аралығында Есіл ауданы бойынша бір бөлмелі пәтерлердің құны 11%-ға қымбаттап, қазір шаршы метрі орта есеппен 414 500 теңге шамасына жетіп тұр. Екі бөлмелілер 12%, үш бөлмелілер 10%-ға өскен.
Ал қаланың бүкіл 4 ауданы бойынша осы аралықта бір бөлмелілер 16%, екі бөлмелілер 17%, үш бөлмелілер 15% артқан.
ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ҚОЛДАН ЖАСАЛЫП ОТЫР
Жылжымайтын мүлік бағалаушыларының есебінше, нарықта пәтер бағасының өсуіне маусымдық сұраныс әсер еткен. Елордадағы сату-сатып алу келісімшарттары тамыз айындағы көрсеткішке қарағанда қыркүйек-қазан айларында 20% өскен. Алматыда да 9% өсім тіркелді. Соның әсерінен бас қалада құрылыс компаниялары мен пәтер сатушылар бірден бағаны 2,1%-ға қымбаттатып жіберген.
Алматыда жаңадан салынып жатқан үйлерде өзгеріс аса байқалмағанымен, екінші нарықтағы баспана құны бірден 3,4% өскен. Астанада баға өсімі комфорт және эконом санаттағы үйлер тиісінше 2,1%, 2,7%, Алматыда 4,4%-ға шарықтаған.
Баспана нарығына шолу жасап келе жатқалы бері бір ай ішіндегі бағаның осыншалықты өсуін тек 2004-2007 жылдар аралығында және 2016 жылы EXPO-2017 өтер алдында байқадық. Бәрінде негізгі себеп, бағаны қолдан көтеру болды. Біз 2016 жылы зерттеу жасағанда бірінші нарықтағы сұраныстың 30%-ы құр қызығушылықтан тұрған еді, делінген бағалаушылардың электронды анықтамалығы сайтында.
ҰЛТТЫҚ БАНК ЕНДІ ЭКОНОМИКАНЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРМАЙДЫ
Қазақстанның орнықтылық қорының мәлімдеуінше, 2021 жылдың соңында «Баспана хит» ипотекалық бағдарламасы мақсатты түрде бөлінген 600 миллиард теңге қаржыландыруды толықтай игеріп, жоспарлы түрде жабылады. Қазір ипотекалық кредит ретінде 599 миллиард теңге берілді.
Ал 7-20-25 ипотекалық бағдарламасының мақсатты қаржыландыру көлемі - 1 триллион теңге. Қазіргі таңда оның 400 миллиард теңгеден астам сомасы ипотекалық кредиттер ретінде халыққа берілді. Бағдарлама қалған 600 миллиард теңге соманы игеріп аяқтауға тиіс.
Бұдан кейін, Ұлттық банк басшылығы мәлімдегендей, Бас банк экономиканы қолдау, қаржыландыру бағдарламаларын тоқтатады. Яғни, енді өзінің негізгі мандатын – ақша-несие саясатын іске асырумен айналысады.
Ол процесс 2023 жылы шарықтау шегіне жетпек. Одан соң тұрғын үй бағдарламаларын Ұлттық банк емес, Үкімет жүргізеді. Ол атаулы түрде – тек мұқтаж жандар санатына арналады. Сондықтан, Ұлттық банктің кетуінен мемлекеттік тұрғын-үй саясаты әлсіреп немесе қысқарып қалады деп айтуға келмейді. Үкімет бұған дейін де өзіне қарасты «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымдары – «Отбасы банк» пен «Қазақстанның тұрғын үй компаниясы» арқылы ауқымды тұрғын-үй бағдарламаларын іске асырып келді. Енді ол бағдарламалар іріленіп, жаңа серпін алады, дейді қор өкілдері.
«ҚЫСТА ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒАСЫ ТҰРАҚТАЛАДЫ»
Аталған екі бағдарламаның орнына басқа жеңілдетілген жаңа ипотека түрлері қарастырылмайтынын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімдеп отыр. Кей жылжымайтын мүлік агенттіктері керісінше, осы бағдарламалардың жабылуы пәтер бағасының өсімін осы деңгейде тоқтатады деген пікірде.
Қазақстан риэлторлары біріккен қауымдастығының президенті Лариса Степаненконың пікірінше, Krisha.kz порталында бағаның айтарлықтай өскенін көпшілік шынайы қабылдайды. Алайда оның қолдан жасалған қымбатшылық екенін атап тұрып көрсетеді. Өйткені нақты саудадағы баға одан төмен. Яғни, сатып алушы сатушыға келіп саудаласқанда, баға төмендетіледі. Бұл дүрбелең қайдан туып отыр? Көбісі зейнетақы жинағындағы қаражаттың бір бөлігін пайдаланудың әсері деп ойлайды. Бірақ маманның пікірінше, ол адамды алдау. Әрине, ол сату-сатып алу келісімдерінің санын арттырғаны рас. Былтырға қарағанда, сатылым саны өскен.
Бірақ мына нәрсеге назар аудартқым келеді. Нарықта сатушыларға қарағанда сатып алушылар саны сол күйі әлдеқайда(!) аз. Соған сай, нарықта пәтер тапшылығы мүлде жоқ. Сол үшін үй сатылғанда оның нақты бағасы әуелгі сатылымға шығарылған бағасынан біраз төмен болады. Ипотекалық бағдарламалардың жабылуы сатып алушылар қатарын одан әрі азайта түседі. Ал сатушылар ұсынысы сол қалпы едәуір артығымен қалады. Сондықтан логика бойынша баға енді өспеуге тиіс, дейді Лариса Степаненко.
Сарапшы бағаның өсуіне әсер етіп отырған бірден бір фактор – инфляция деп есептейді. Өйткені, тұрмысқа қажетті заттар қымбаттады. Оның үстіне, доллар да көтеріліп барады. Сайып келгенде, нарық сондай бей-берекет күйде тұр.
Ал «Метры» жылжымайтын мүлік агенттігінің бас директоры Ғалым Ысқақовтың ойы басқаша. Ол зейнетақы жинағындағы қаражаттың бір бөлігін пайдалану нарықта сұранысты әдеттегіден арттырып жібергенін айтады.
Жаз, күз айларында бағаның тым шарықтауы соған байланысты. Жұрт соны пайдаланып қалу үшін пәтер алуға ұмтыла берді. Өйткені ипотека неғұрлым арзан болған сайын, пәтер соғұрлым қымбаттай түседі. Енді бағдарламалар жабылған соң сұраныс, керісінше азаюы қажет. Оның үстіне, инфляция да халықтың ақшасын жеп барады. Дегенмен, үй бағасы арзандайды деуге келмейді. Бірақ, алдағы желтоқсан-ақпан айлары аралығында бағаның тұрақталуы сезілуі керек, дейді маман.