Halyq Uni логотип
×

«Бюджет екі есе қысқарған». Сарапшылар орман шаруашылығына ақша бөлінбейтінін айтады

Қостанайдағы орман алқабын қалпына келтіруге 10-15 жыл уақыт кетеді

 Айнұр Шошаева 06.09.2022 | 10:50
«Бюджет екі есе қысқарған». Сарапшылар орман шаруашылығына ақша бөлінбейтінін айтады
Коллаж: Halyq Uni

Қостанай облысындағы орман өрті саладағы бірқатар кемшіліктерді көрсетті. Атап айтқанда, орманшылардың тапшылығы және жалақысының аздығы, техниканың жетіспеуі, қаражаттың тиісті деңгейде бөлінбеуі. Осы орайда, Halyq Uni осы саланы білетін мамандардың пікірін сұрап көрді. 

«ОРМАНШЫЛАРДЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ АЗ»

2000 жылдары орман шаруашылық мекемелері Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты болған. Экобелсенді Сәкен Ділдахмет бұл шаруашылықтарды әкімдіктерге беру туралы шешім қате болды деп есептейді. 

«Сол кезде министрлердің тарапынан шешім қабылданып, 120 орман шаруашылық мекемесі облыстық әкімдіктердің балансына берілген болатын. Оның қаншалықты қате шешім болғанын тек бүгінгі орман өрттері, орман отырғызумен білуге болады. Экология министрлігінің мәліметінше, көптеген орман өрттері әкімдіктерге қарасты шаруашылықтарда болады. Әкімдіктер өрт сөндіруде өте үлкен қиындықтарға тап болып жатады. Біріншіден, материалдық-техникалық база ескіріп, жаңа техникалардың жоқ. Екіншіден, маман жоқ. Орман шаруашылығы мамандарының айлығы өте аз, әлеуметтік қолдаулар мүлдем жоқ. Үшіншіден, орман шаруашылықтарының орман отырғызу мәселесінде өз қиындықтары бар», – дейді белсенді. 

Оның пікірінше, шаруашылықтар облыс әкімдіктеріне өткен 20 жылдың ішінде жақсы көрсеткішке қол жеткізген жоқ. Керісінше, еліміздің әрбір облыстарындағы орман қорын басқарып отырған шаруашылықтар әкімдіктердің балансына өтіп, тоналып кеткен. 

«Орман шаруашылықтары өз қызметін атқара алмай отыр. Сондықтан бұл мәселені қайта қарастырып, Экология министрлігіне қайтаруды бастама ретінде көтеру керек. Кезінде 2017-2018 жылдары Ауыл шаруашылығы министрі болған Асқар Мырзахметов осыны көтерген. Бірақ іс соңына дейін жетпеді, себебі министр басқа қызметке ауысып кетті», – деп қосты ол. 

Сонымен бірге Сәкен Ділдахмет орман шаруашылықтарын қаржыландырудағы проблемаларға тоқталды. 

Облыс әкімдіктері орман шаруашылықтарына өгей балалары сияқты қарайды. Бірінші кезекте әлеуметтік мәселелер, мектеп, жол, қала құрылысыдеп келіп, ең соңында орман шаруашылығына аз ғана қаражат бөледі. Бұл дұрыс емес. Соның салдарынан орман шаруашылығы артта қалып жатыр. Еліміздің жалпы аумағының 4 пайызын орман алқаптары құрайды. Қазақстан үшін бұл өте аз көрсеткіш. Оның жартысынан көбі сексеуілді орман алқаптары. Қостанайдағы қарағаш сияқты ағаштардың үлесі елде тіпті аз. Бізде  Ресей, Аустралия, Финляндия мен Амазониядағыдай орман жоқ. Бар орманымызды реттеп, бақшада қызанақты қалай егеміз, солай қарап отыратын жағдайымыз бар. Сондықтан, меніңше, осы салада көптеген жұмыс істелуі керек, – дейді белсенді. 

Белсенді орманшылардың жалақысы мен шаруашылықтардың метериалдық техникалық жағдайына назар аударылуы тиіс дейді. Мәселен, қазір Қостанай облысына көмекке жиналған қаржыға жаңа техника алып берілсе дейді. 

«Қазақстанда мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы аз дейді. Негізі олардың жалақысы аз емес, жалақыны ең аз алатын – орманшылар. Орманшылардың ең төмен айлығы 35-45 мың теңгеге дейін барады. Олар орман өртімен, браконьермен, тіпті жабайы жануармен де алысады. Елдің тынысы саналатын орманды сақтауда өте көп жұмыс істейді. Қазір Қостанайдағы жағдайға байланысты әлеуметтік көмек көрсетіліп, үй салуға талай қорлар құрылып жатыр. Меніңше, осы жұмыстың аясында ең басты нәрсе ұмытылып бара жатыр – табиғатты қалыпқа келтіру. Көмекке деп жиналған ақшадан орманды қалыпқа келтіруге бағыттау керек. Не Үкіметтен, не әкімдіктен техникалық қамтамасыз ету мәселесі шешілмей тұр ғой, қорға түскен қаражатқа орман шаруашылығына техника алып беру керек», – деп толықтырды спикер. 

Экобелсендінің пікірінше, Қостанай облысындағы өртенген орманды қалпына келтіру үшін кем дегенде 10-15 жыл керек. Ал қарағайлы орманға айналып, оның флорасы мен фаунасы қалыпқа келуі үшін 70-150 жылға дейін уақыт кетеді, дейді ол. 

«ҚАРЖЫ ЕКІ ЖЫЛДА ЕКІ ЕСЕ ҚЫСҚАРҒАН»

«Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұловтың пікірінше, Қостанай облысы әкімдігі өңірдегі орман шаруашылығы мекемелеріне қаржыны қажетті деңгейде бөлсе, өрттің ауқымы қазіргі ауқымда болмас еді дейді. Мысал ретінде белсенді соңғы екі жылдың бюджетіне тоқталды. Соңғы өрттен ең көп зардап шеккен Әулиекөл ауданының орман шаруашылығына бөлінген қаржы екі жылда екі есе қысқарын атап өтті. 

2021 жылы 175 млн болса, биыл 98 млн. Облыстың Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы арқылы қаржыландырылады, бұл басқарманың бюджеті де екі есе қысқарған. 2020 жылы 208 млн болса, 2022 жылы 107 млн. Есесіне, облыс әкімдігінің резиденциясына апаратын жолды жөндеуге 294 млн теңге бөлінген. Әзірге облыс әкімінің резиденциясы мен жолға бөлінген қаржыны ғана қарадық. Егер фестиваль немесе басқа да іс-шараларға бөлінген қаржыны қарайтын болсақ, одан да көп ақша табылады. Бұл екі фактінің өзі өңір билігі басымдылықты басқа нәрсеге беретінін байқауға болады, – дейді Смағұлов. 

Оның пікірінше, бұған облыстың бюджетін жоспарлап, бекітетін мәслихатар жауапты. 

«Бұған жауапты орган – мәслихаттар. Себебі мәслихаттардың комиссиясынан бұл мәселе өткенде тәуелсіз депутат болса, ешкім бұл қаржыны бермеуші еді. Архиметке (облыс әкімі – ред.) мен емес, сол өңірдегі депутаттар қарсы шығып, айтатын еді. Бір ай бұрын Солтүстік Қазақстан облысында болғанда даладағы өрттің алдын алуға болатынын көрдім. Орманның жанындағы кішігірім өрт болды, арнайы жабдықталған трактормен 2-3 рет айналып жерді қазғанда өрт одан аспады. Бірақ оны істеу үшін техника, адам ресурстары болуы керек. Егер қаражат жылдан жылға азайып жатса техника қайдан келеді, базасы қалай жаңарады? Егер өңірдегі орман шаруашылының материалдық-техникалық жағдайы жақсы болса, өрттің ауқымы қазіргідей үлкен болмас еді», – деп қосты спикер. 

Сондықтан, оның пікірінше мұндай проблемалардың алдын алу үшін елдегі мәслихаттардың жұмысын қайта қарау қажет. 

«Кез келген саланы дұрыс қаржыландыру мәселесін шешу үшін бізде мәслихаттың функциясына басқаша қарау керек. Қазір біз мәслихаттардың жұмысына зерттеу жасайтын боламыз. Мәслихатта кімдер отыр? 80 пайызы мемлекеттік мекемелер (мектеп, аурухана), коммуналдық кәсіпорындардың басшылары мен әкімдікке қызмет көрсететін кәсіпкерлер. Олар әкімге қарсы келе алмайды», – деп қорытындылады Дидар Смағұлов. 

«ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСЫ»

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комиетінің экс-төрағасы Ерлан Нысанбаев Қазақстанның орман шаруашылығының жағдайы жақсы деген пікірде. 

Комитеттің көліктері 80 пайызға жуық, 4-5 пайыз әкімдіктерге тиесілі. Жалпы қамтамасыз ету жағынан жақсы. Әрине, уақыт келгенде техника істен шығып, айналымнан шығарылады. Сол кезде үлгеріп техника алып тұру керек. 

Солтүстік өңірде өрт екі нәрседен болады. Біріншісі диханшылар егінді орап болған соң сабанды өртейді. Көп жағдайда содан орманға кіріп кетеді. Екіншісі табиғи құбылыс – найзағайдың түсуі. Техникамен жабдықтау мүлдем жаман деп айта алмаймын, себебі салыстырмалы түрде қараймын», – деді ол. 

Сондай-ақ ол еліміздің орман шаруашылығында өрт сөндіру қызметі жақсы жұмыс істейтінін айтты. 

«Қазақстанда авиаорман қорғау қызметі бар. Бұл бұрынғы одақ бойынша тек Қазақстан мен Ресейде ғана қалды. Басқа мемлекеттерде ондай қызмет жоқ. Таулы орманды дағы өртті ауадан болмаса, жаяу жүріп сөндіру мүмкін емес. Бұл жағдай басымыздан өтті. 10 жыл бұрын Медеу өртенгенде Қорғаныс министрлігінің тікұшақтарымен көлден су тасып, бүркіп сөндірген едік. Қостанайда болып жатқан өрттің ауқымы аз емес. Мұндай өрт болып тұрады. Мысалы, Ресейде млн гектарға дейін өртеніп жатады. Біз үшін 100 гектардың өзі үлкен шығын», – деп қосты Нысанбаев. 

Орман саласының маманы қазіргі өртенген алқаптың қалпына келуі үшін кемінде 35 жыл уақыт керек дейді. Келесі жылдан бастап алқапты қалпына келтіру жұмыстары басталады. Бұл үкіметтің өртенген аумақты тездетіп қалпына келтіру үшін қанша қаржы бөлетінен байланысты. 

«Осыдан 5-6 жыл бұрын Үкіметтің отырысында осы мәселені көтердім. Қанша жыл болды мемлекеттік басқаруды реформалап, көптеген функцияларды – оның ішінде шаруашылық жұмыстарды төмен түсіріп, облыстарға беріп жатыр. Облыстарда болған дұрыс, бірақ орман шаруашылығына сәл көзқарас басқаша болуы керек. Оны қайтып жоғарыға – министрлікке қайтарса, қазіргі саясатқа қарсы болады. Шаруашылық жұмыстардың бәрі әкімдіктерде болуы керек, ал министрлік тек саясаты мен стратегиясын белгілеп беруі керек. Орманды молайту, қорғау ол әкімдіктердің міндеті болуы тиіс. Меморгандар тек бақылау функциясымен шектелгені жөн», – дейді экс-төраға. 

Сонымен бірге спикер орман шаруашылығындағы бірқатар проблемаға тоқталды. Атап айтқанда шаруашылықтар 100 пайыз техникамен қамтамасыз етіліп, сала мамандарының жалақысы нарыққа сай болуы керек. Сондай-ақ саладағы маман тапшылығына атүсті қарауға болмайды. 

«Менің ойымша кадр даярлау сапасын көтеру керек. Көптеген университеттерде факультеттер ашып тастаған, материалдық базалары нашар. Сол себепті оларды топтап, мысалы, ШҚО-да бір факультет ашу керек. Өңірдің табиғаты, климаты, топырағы. орманы басқаша, өзінің ғылыми негіздемесі керек. Оңтүстікте бір жақсы факультет және солтүстікте бір факультет керек. Бытыратып ашқанымен, салы бар да, сапасы жоқ. Осы үш жерге шоғырландырып, топырағы мен климаттық жағдайына қарай зерттеп, маман даярлау керек», – деп толықтырды. 

Айта кетейік, Қостанай облысындағы өрттің 8 ошағы анықталғаны туралы ақпарат шыққанда, от қасақана қойылды деген пікірлер айтыла бастады. 

«Ішкі істер органдары тексеріп, өз бағасын береді. Қай кезде қандай өрт болмасын неден шыққанын анықтайды. Талай әдейі өртегендерді ұстаған жағдайлар болды. Анау мынау деп айту қиын. Өтіп бара жатып, терезеден темекіні тастай салса содан да шығуы мүмкін. Бір мезгілде 8 жерден болған соң күдіктене бастайсың. Бұл тек біздің болжам ғой. Ішкі істер органдары құқықтық бағасын береді», – деп қорытындылады Ерлан Нысанбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама