×

Шаруалар неге Qoldau қызметі үшін ақы төлейді? Субсидиядағы жемқорлық туралы

Сарапшылар шаруаларға арналған жаңа ақпараттық жүйенің мейлінше ыңғайлы болғанын қалайды

 Айнұр Шошаева 10.02.2022 | 19:46
коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда ауыл шаруашылық субсидиясына өтінім екі платформа арқылы қабылданады. Отандық өсімдік шаруашылығымен айналысушар Qoldau жүйесіне тәуелді. Соңғы төрт жыл бойы отандық шаруаларға субсидия аталған платформада орналасқан электрондық сервис арқылы бөлініп келді.

ТОҚАЕВТЫҢ СЫНЫ

Қазақстанда соңғы бес жылда агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Алайда мемлекет күткен нәтижеге әлі қол жеткізе алмай келеді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне тоқталған Тоқаев жылдар бойы фермерлерге бөлініп келген субсидияға талдау жасалмағанына қатысты сын айтты.

Соңғы 5 жылда ауылшаруашылығын дамытуға 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Алайда, субсидия көлемі қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын өзгеріс болған жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер субсидияны таратып берумен ғана шектелген. Оған ешқандай талдау жасалған жоқ. Қаржының тиісті мақсатқа жұмсалуын да ешкім бақылауға алмаған, - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, фермерлерге бөлінген қаржынының «қызығын» ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да көріп келген.

Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 960 қылмыстық іс теркесе, соның 54 пайызы субсидияны жымқыруға қатысты. Мәселен, жайылымдық жерлерді суландыруға 80 миллиард теңге бөлініп, алайда оның тең жартысы желге ұшқан. Субсидия алу кезінде жұмысқа қажетті құрал-жабдықтың бағасы 2-3 есе артық көрсету фактілері жиілеп, кей жағдайда қаржыны қағаз жүзінде игеріліп келген.

«Жағдай түзелмесе, агроөнеркәсіп кешені шикізат өндіруден ары аса алмайтыны анық. Субсидиялаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі жоқ. Жеке құрылымдар субсидия бөлуге қатысты түрлі порталдар (qoldau.kz, plem.kz) ашқан. Олар өз қызметі үшін шаруалардан 3-11 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақша алып отыр. Шаруалардың бұған наразылық білдіруі орынды. Үкіметке субсидиялау туралы ақпаратты толық қамтитын платформа әзірлеуді тапсырамын», деген Президент платформа шаруаларға тегін қызмет көрсетуі керектігін ескертті.

Отандық аграрийлерге берілетін мемлекеттік субсидия екі платформа арқылы жүзеге асырылады. Отандық мал өсірушілер субсидияға өтнішті plem.kz платформасы арқылы рәсімдесе, өсімдік шаруашылығымен айналысушар Qoldau жүйесіне тәуелді. Соңғы төрт жыл бойы елімізде ауыл шаруашылығындағы субсидия аталған платформада орналасқан электрондық сервис арқылы бөлініп келді. Белгілі болғандай, фермерлер бюджеттен субсидия алу үшін аталған платформаға тіркелуге міндетті. Біз аталған платформаның жұмысымен танысу үшін сайтқа кіріп көрдік.

Айта кетерлігі, qoldau.kz сайтында ақпарат үш тілде беріледі деп көрсетілген. Бірақ сайттың қазақша нұсқасын таңдағанда бөлімдегі ақпараттың барлығы дерлік тек орыс тілінде екенін байқауға болады. Ауыл-аймақтағы шаруалардың дені қазақ тілінде қызмет алғысы келетінін ескерсек, Qoldau платформасы өз міндетін толық атқарып отырған жоқ.

Платформаның 236 797 пайдаланушысы бар. Жобаны әзірлеуші компания ретінде «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ көрсетілген.

Бұл орталық еліміздегі жекешелендіру нәтижелерін есепке алып отырумен айналысады.  Интернетте аталған орталықтың «Транстелеком» АҚ атынан жасалған ақпараттық сервиске қолжетімділікті ұсыну бойынша пайдаланушылық келісімі бар. Онда атқарушы («Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ) «Субсидиялауға өтінім қабылдаудың электрондық реестрі» ақпараттық сервисіне қолжетімділікті ұсынатыны жазылған.

Аталған келісімде платформаны пайдаланушы жылына 3 АЕК мөлшерінде ақы төлеуі тиіс. Төлем орталықтың есеп-шотына төленеді. «Сервис үшін төлем болмаған кезде немесе пайдаланушының берешегі болған кезде орындаушы («Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ) пайдаланушының жеке шотына қолжетімділікті шектеу арқылы сервисті ұсынудан бас тартады/тоқтатады» деп көрсетілген келісімде.

Пайдаланушылар, яғни шаруалар мемлекеттен субсидия алу үшін Qoldau сервисіне ақылы түрде тіркеледі. Алайда субсидия мемлекеттен тегін беріледі, оны бөлгені үшін мемлекет шаруалардан ақша алмайды.

САРАПШЫ: «ҚОЛДАУ ЖҮЙЕСІ АРҚЫЛЫ ҚЫЗМЕТТІ АҚЫЛЫ ЕТУ – ҚАТЕЛІК»

Ауыл шаруашылық министрлігі биыл бүкіл ел бойынша субсидияларды бөлудің мемлекеттік ақпараттық жүйесін іске қосуды көздеп отыр. Жаңа жүйеге техникалық қызмет көрсетуге бюджеттен 135 млн теңге жұмсалады. Мемлекеттік жүйені пайдалану фермерлер үшін тегін болады. Сондай ақ платформа мемлекеттік мәліметтер базасымен интеграцияланып, фермерлерді артық қағазбастылықтан арылтады деп жоспарланған.

Шаруалардың мәселесін көтеріп жүрген белсенді Алмазбек Садырбаевтың айтуынша, Qoldau.kz платформасы мемлекеттік қызметті өзіне пайда табудың көзіне айналдырып алған.

«Жүйенің төлемі шаруалар үшін тым көп. Субсидия дегеніміз мемлекеттік қызмет, жекеменшік компания мемлекеттік қызметті өзіне пайда табу көзіне айналдырып алған. Бұл тегін қызмет болуы керек. Сондықтан да Qoldau-дың кемшіліктері көп. Шаруалар наразы. Оның үстіне бұл жүйенің жемқорлыққа қатысты тәуекелі өте жоғары. Қолдау шаруаларға дымын білдірмей, өз адамдарына алдын ала ескертіп, субсидияны аз ғана адам алады. Қалған шаруалар субсидия ала алмай шулап қалады. Шаруалар тосып отырғанда, платформа ашылмай қалады. Белігі бір уақытта ашып, өз адамдары тапсырып субсидия алады. Қалдық ақшаны үлестіру үшін платформаны аша салады, бірақ ол ешкімге де жетпейді», - деді Садырбаев.

Оның пікірінше, министрлік әзірлеп жатқан жаңа жүйе бірнеше мәселені ескеруге тиіс.

Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жаңа жүйе ойластырып жатыр. Қазір оны енгізіп жатқанын айтады. Бірақ жаңа жүйе шаруалармен әлі талқыланған жоқ, қандай жүйе, ішінде несі бар, қалай жұмыс істейді, техникалық қолдауы қандай болатынын білмейміз. Бастысы, тегін болса екен. Екіншіден, қолайлы болса және шаруалар үшін пайдалануға ынғайлы болса екен, - деп қосты Алмазбек Садырбаев.

Ауыл шаруашылығы бойынша сарапшы Анас Баққожаевтың пікірінше, жекеменшік платформаның мемлекеттік қызметті ақылы көрсетуі қателік. 

«Тіркелу үшін белгіленген тарифпен ақы төлейсіз. Егер тіркелу ақысы төленбесе, құжаттарды өткізе алмайсыз. Ол жекеменшік біреудің қалтасына кетіп жатқан ақша. Одан да сол ақшаны айналымға салған дұрыс емес пе? Мемлекеттік бюджеттен берілетін, халықтың салығынан түскен ақша. Мемлекеттік қызмет тегін болуы керек. Субсидия алу мәселесінде тіпті өзекті», - деді Баққожаев.

Сарапшы ақпараттық жүйенің шығынын есептеп, тарифті арнайы бекіту керегін айтты.  

«Орта есеппен 40 мыңдай субсидия алушы бар. Мысалы, олардың барлығы платформаға кіріп, әрқайсысы 50 мың төлеп тіркелсе, 200 млн теңге кіріс түседі. Ол ақша қайда кетіп жатыр? Қазіргі таңда ақпараттық жүйенің шығынын да есептеу керек. Неге шаруалар әрқалай төлеуі керек, тарифі бекітілуі тиіс. Сіз мемлекетке тәуелдісіз, өйткені субсидия алғыңыз келеді. Демек үкімет сізді мәжбүрлеп тұр. Мәжбүрлегеннен кейін неге тарифке араласпайды? Ол тарифтің негіздемесі не? Платформаны жасайтын орталық программистерінің жалақысы қандай? Ол шын мәнінде сонша адамды қажет етеді ме? Неге платформаға тіркелу құны 5 мың теңге емес», - дейді сарапшы.

Анас Баққожаев жаңадан әзірленетін жүйені тегін болып қана қоймай, шаруаларға қаржыны артығымен емес, тек қажетін ғана алуға мүмкіндік беретіндей етіп жасауды ұсынды.

«Тек қана құжат емес, басқа да мәлімет базаларымен интеграциялануы керек. Мәселен, сүтке субсидия аламын десеңіз нақты жеріңіз бар ма, мал басыңыз қанша, осынша сүтті сиыр бар, өнімділігі мынадай дегендей мәліметтерді көбейтіп, қажетіңізден артық субсидия ала алмайтындай етіп шек жасау керек. Айталық 100 тонна өнім өндіре аласыз, шын мәнінде 150 тонна субсидия алып отырсыз. Сонда басқа біреу аламын деп отырған 50 тонна субсидияны сіз артық алғалы отырсыз. Өтірік болмас үшін мемлекеттік жүйе шауаларды қинамай, субсидияға адами факторды енгізбей, атвоматты түрде есептеп шығарып беруі керек», - деді Анас Баққожаев.

2021 жылдың қараша айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қазақстанның жеті өңірінде арнайы операция жүргізіп, ауылшаруашылық субсидиясын жымқыруға қатысты өңірлік Ауылшаруашылығы басқармаларының лазауымды тұлғаларын ұстап, 65 қылмыстық іс қозғады.

2022 жылдың 31 қаңтарында ШҚО, Маңғыстау және Жамбыл облыстарындағы ауыл шаруашылық басқармаларының басшылығы ұсталғаны туралы ақпарат тарады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама